1990-шы жылдардың басында қазақстандық құқық жүйесі терең дағдарысты бастан кешіп жатты. Ол экономикалық және саяси өзгерістерге әзір емес болатын, жаңа ақиқаттарға сәйкеспейтін және елдің заманауи заңдық инфрақұрылымға деген талабын қанағаттандыра алмайтын. Әділетті де адал сотсыз, жетілдірілген құқықтық базасыз тұрақты да өркениетті қоғам құру мүмкін емес еді. 1993 жылғы Конституцияның арқасында елдің сот жүйесі биліктің дербес тармағы мәртебесін алды. Алайда, кеңестік кезеңдегідей, соттардың өкілеттігі он жылмен шектелетін және бұрынғыша сот тәуелсіздігін қамтамасыз ететін механизмдер де болмады. Осы салада ауқымды реформа ойластырған мен «еркін сот ісінсіз құқықтық қоғам құру мүмкін емес» деген саяси аксиомаға ден қойдым: 1994 жылдың ақпанында құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, соның арқасында сот органдарының қызметі реттелді, кассациялық өндірісті жүзеге асыратын және өзінен төменгі соттарды бақылауда ұстайтын жоғарғы инстанция есебінде Жоғарғы Соттың өкілеттігі нақтыланды. 1995 жылы Конституция биліктің сот тармағын реформалауды одан әрі жалғастырды. Жоғарғы сот Жоғары Арбитраждық сотпен біріктіріліп, бүкіл сот практикасы бірыңғай заңдық нормаларға бағындырылды. Осыдан бастап өмір бойы қызмет істеуге тағайындалатын соттардың тәуелсіздігі олардың ауыспайтынына және қауіпсіздігіне, сотты сыйламауға қатысты заңды жауапкершілікке, соттардың өкілеттіктері тоқтатылатын немесе тыйылатын нақты белгіленген негіздерге кепілдік беретін болды.
Медиаон ақпарат