Сарыағаштық батыр ана Жадыра Кескенбаева 102 көктемін қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сарыағаш ауданының тұрғыны Жадыра Кескенбаева 102 жасқа толды. Кейуана 1920 жылы 10 наурызда Арыс ауданы 41 разъезд Тасқұдық ауылында дүниеге келген. Содан 1971 жылы Сарыағаш ауданына көшіп келіп, колхозда мал, егін шаруашылығымен айналысқан. Қарт ана 7 ұл-қызды дүниеге әкелген. Қазіргі таңда 35 немере, 82 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр. «Апам әрдайым «Алланың берген жасын жасап келемін» — деп айтады. Әлі күнге дейін бізге ақыл, кеңесін беріп отырады. Өзім жалақы алғанда бірінші апама алып келіп беремін. Бірде ол кісінің «Әй, балам, барлық зат қымбаттап жатыр, сенің айлығың өспей ме?» — деп сұрағаны бар. Оған бір күліп алдық» — дейді ұлы Ахметбек. Жадыра Төлегенқызының тұңғышы Намазай 72 жасқа толды. Ал, кенже баласы Ахметбек 56 жасқа қадам басты. Бүгінде ұл қыздары мен немере, шөберелері қарашаңыраққа келіп, әжелерінің әсерлі әңгімелерін жиі тыңдап тұрады. «Апамның өзінен 5 жас кіші інісі бар. Бірін бірі көрмегеніне біраз уақыт болған еді, жақында алып барып келдім. Ол кісіде 97 толып отыр» — дейді ұлы. Ғасыр жасаған кейуананың жағдайы жақсы. Далаға өзі шығып, кіреді. Бес уақыт намазын үзбеуге тырысады. Сондай-ақ жыл сайын 30 күн ораза тұтып келеді. Одан бөлек, әр айда 3 күннен ауыз бекітіп жүр. «Қазір апам оразаға дайындалып жатыр. Жылда көше көшеге бөлініп Наурыз беретінбіз. Басы қасында апам жүретін. Биыл ауа райына байланысты кейінге қалдырдық. Оны да жиі-жиі сұрап қояды. Алла қаласы Наурыз мерекесінде дүркіретіп өткіземіз» — дейді Ахметбек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.