Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Салауатты өмір салтын ұстан» жиыны өтті. Оған сала қызметкерлері мен Жоғары медицина колледжінің студенттері атсалысты.
Кездесуге Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қарбеков, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық маманы Назира Жүргенбаева және Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог-дәрігері Әсем Шаукенбаева қатысты. Жастар арасында нашақорлық, маскүнемдік және АИТВ/ЖИТС-тің белең алуына жол бермеу және алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жиында мамандар студенттерді бұқаралық спортқа үндеді. Сондай-ақ, әрбір азамат денсаулығына жауапкершілікпен қарағанда ғана дені сау ұрпақ өсетіні, ал ол дені сау ұлттың кепілі екені айтылды.
Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты қозғалыс белсенділігін дұрыс ұйымдастыру организмнің өсу мен дамуына белсенді ықпал етеді, организмнің жұмысқа қабілеттігін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады.
Ия, әрбір адамның денсаулығы өз қолында. Ал, бала денсаулығының негізінің мықты болуы оның тамақтануына байланысты, балалық шақта қаланған денсаулықтың іргесі адамның бүкіл кейінгі өмірінің сапасына әсер етеді. Дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты – бала организмінің ауруларға жоғары тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін міндетті шарттар.
Баланың күнделікті тамақтануы өсу үстіндегі организмнің қажетті қоректік заттектерге және қуатқа қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруы және күні бойы жұмсайтын күштерін толығымен қалпына келтіруі тиіс. Осыған байланысты мектеп оқушысына арналған негізгі салауатты тамақтану ұстанымдары туралы білу аса маңызды.
Баланың жасының әр кезеңі алдыңғысынан өсу қарқыны және физиологиялық жүйелердің жетілуімен, өсу үстіндегі организмнің тіндері мен ағзаларында өтетін өзгерістердің сапасымен ерекшеленеді. Сондықтан, баланың жасының әр кезеңіндегі тамақтануы айрықша талаптармен сипатталады, осы талаптарды ескеру арқылы баланың ақыл-ойы мен денесінің қалыпты дамуына, өмірлік әлеуетін арттыруға ықпал етуге болады. Салауатты тамақтану – өнімдердің пайдалы қасиеттерін ескеріп, қолданатын тамақтану. Салауатты тамақтану ұстанымдарын қадағалау организмнің ақуыздарға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, басқа да көптеген қоректік заттектерге барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді, осы арқылы:
– өсу үстіндегі организмнің қалыпты дамуына ықпал етеді,
– жақсы денсаулық пен ұзақ жасауды қамтамасыз етеді,
– иммунитетті арттырады,
– ақыл-ой еңбегі қабілетін жақсартады,
– дене шыдамдылығын жақсартады,
– көптеген аурулардың дамуының алдын алады.
Жиын барысында кәмелетке толмаған жастар арасында кездесетін теріс әрекеттер мен есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, АИТВ/ЖИТС-тің адам өміріне тигізер кері әсері мен оның алдын алу жолдары баяндалды.