Үшінші мегаполисте үйлер мен коммерциялық ғимараттарға арналған ауқымды іс-шара басталды. Жаңартылған Көрме орталығында өтіп жатқан жәрмеңкеде қала тұрғындары мен қонақтары баспана туралы жан-жақты мәлімет ала алады.
«Отбасы банкі» ұйымдастырған жәрмеңке екі күнге созылады. Таңғы сағат 09:00-ден кешкі 20:00-ге дейін банк клиенттері жәрмеңкеде ұсынылған үйлермен танысады. Жәрмеңкеге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Отбасы банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев қатысты.
– Бұл жәрмеңкеге Отбасы банкімен бірге Шымкент қаласындағы құрылыс саласындағы 20 компания қатысып отыр. Мұндағы мақсатымыз – біздің қаламызда қандай үйлер мен қандай кластағы ғимараттар салынып жатқаны, олардың бағасы, қалай алуға болатыны туралы толыққанды мәлімет алатын алаң ұсыну. Әр компания өкілдері қала тұрғындарымен жеке жұмыс істеп, кеңес беруде. Атап кететін жайт, қаламызда 40-қа жуық құрылыс компаниясы бар. Дегенмен, осы жәрмеңкеге қатысатын 20 компанияның Қазақстандық құрылыс компаниясымен келісімшарты бар. Яғни, нысандардың құрылысы толық аяқталуына кепілдік бар, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Жәрмеңкеде BI Group, Базис-А, OKS, Батсу, Kanfar, Orda Invest, Отаu Group, Art Kurylys, СПК Шымкент, Эристайл, Capital City, Altyn Land, Feb group, Ердам, South company, 01 kz bulding секілді құрылыс компаниялары көпшілікке өздері салып жатқан үйлерді таныстырды. Ал «Отбасы банкі» қызметкерлері тұрғын жайды сатып алу жолдары туралы айтып, несие төлемі бойынша есептеулер жасады, қолайлы үй таңдауға көмектеседі.
– Жыл басынан бері Шымкенттегі «Отбасы банкі» филиалы 3 621 заем берді. Бұл күн сайын орта есеппен 11 адамның қолжетімді несие рәсімдеп, қоныс тойын тойлады деген сөз. Бұған қоса біздің филиалда биыл 27 мыңнан астам жаңа салым ашылды. Клиенттер шотта бастапқы жарнаға қаражат жинақтай отырып, үй сатып алу үшін 3,5%-дан 11,5%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша несие ала алады, – деді «Отбасы банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Жәрмеңке барысында баспана таңдап, заем рәсімдеген қала тұрғындарына компания өкілдері жеңілдіктер мен бонустар ұсынбақ. Іс-шара 18-19 қараша күндері өтеді.