Ең жас кәсіпкер сабын жасады
Мамандық таңдау өмірдегі ең маңызды қадамның бірі. Өйткені таңдаған кәсібің болашақта нан тауып жеуге ғана емес, халыққа, елге пайдасын тигізсе нұр үстіне нұр. Жас күнінен мақсаты айқын, қандай кәсіппен айналысқысы келетінін о бастан анықтап, айшықтап алатын өрендерді көрсең, көңілің бір марқайып қалады. Сондай мықты жас өскіннің бірі – Шымкенттегі №135 мектептің 1-сынып оқушысы Кәусар Уәлиханқызы. Ол тағдырдың тауқыметін тартып, сынаққа түссе де берілмей, басына түскен дертімен күресіп қана қоймай кішігірім кәсіппен айналысуды бастапты. Біз кішкентай Кәусардың кәсібі және өзі жайында анасымен, ұстазымен тілдескен едік.
—Кәусар кішкентай кезінен ерекше бала болды, – дейді анасы Салтанат Ұламқадырқызы. – Туылған кезде ауыр дертке шалдыққаннын білген жоқпыз. Үш айлығынан бастап баламда қатты тершеңдік, мазасыздық басталды. Сол уақыттан бері дәрігерлердің табалдырығын тоздырумен келеміз. Басында қойылған диагноздардың ешқайсысы дұрыс болмады. Қызымның жағдайы күннен күнге нашарлап, дамуы да өз жасындағы балалардан кешеуілдеп жатты. Ана болған соң қызымның болашағына қатты алаңдаулы едім. Қымбат емханаларға көрсетуге қаражат тапшы. Сонда да бар қаражатты жиып, Кәусарды Алматы, Астана қалаларына апарып тексерттік. Ол жақта бізге «рахит» диагнозын қойды. Ем-дом нәтиже бермеді. Алматыдағы ғылыми орталықта Кәусарға «гликогеноз» диагнозы қойылды. Бұл тұқым қуалайтын аурулардың бірі екен. Нақты емі жоқ. Бауыр глюкоза жасап шығара алмағандықтан, оның орнынан крахмал қабылдаймыз. Егер оны қабылдамаған жағдайда есінен тану, ары қарай комаға түсу қаупі бар. Дертпен алысып жүргенде Кәусардың да мектепке баратын уақыты келді. Осы уақытта әкесі екеуміз қатты алаңдаумен болдық. Тіпті мектепке бермейтін шығармыз деген ой болды. Өйткені қызым өте тұйық, адамдармен араласуға қорқатын. Содан №135 мектеп мұғалімі Жадыра Жасұзаққызының ерекше балаларды оқытуда арнайы сертификаты бар екенін біліп, осы мұғалімге береміз деп шештік. Мұғаліміне ерекше алғыс білдіремін. Үйге келіп сабақ оқытып қана қоймай, қызымның жан-жақты қырларын аша бастады. Киізден картина жасау, сазбалшықтан құмыра жасауды үйреніп, иіс сабын өндіруді меңгеріп, кішігірім табыс таба бастады. Қазір өмірге деген құлшынысы артып келеді. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздардың Кәусарды қоғамға бейімдеуге өте үлкен көмегі тиіп отыр. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандардың болғаны көңіл қуантады.
«Менімен сөйлесуге қорқатын»
—Ерекше балаларды оқытып жүрсем де, Кәусардың бойынан өзгеше ақылдылықты, өмірге деген құштарлықты, ойлау қабілетінің ұшқырлығын байқадым,–дейді ұстазы Жадыра Жасұзаққызы. –Алғаш үйіне барған кезде Кәусар менен тығылып, сөйлесуге қорқатын. Баланы білімге тек сабақ оқытумен ғана қызықтыра алмасымды білдім. Әр түрлі әдіс-тәсілдерімді қолданып көрдім. Ортамен араласып көрмегендіктен бірден тіл табысып кету оңай болмады. Шығармашылық жұмыс, қол еңбегі жағынан да оқушының талабын байқап көргім келді. Содан өзім ғаламтордан сабын жасау әдісін қарап жүріп, Кәусармен бірге жасап көруді ұсындым. Ойын баласы емес пе қолмен әртүрлі пішіндер жасағанға ол да қызықты. Ютуб желісінен түрлі шеберлік сыныптарын қарап, сабын жасау тәсілін дамыта бастадық. Кәусарды мектепке іс-шараларға қатыстырдым. Ол да ортаға бейімделіп, өзі де ойын, сөзін жеткізетін болды. Мектебімізге түрлі айтыскер ақындар, блогерлер келген кезде Кәусармен және жасап жүрген жұмысымен танысты. Сол жерде алғаш рет өзіміз жасаған сабынның сатылымын жасап, Кәусар табыс тапты. Косметика дүкендерінің бірінен үлкен көлемде тапсырыс алды. Осылайша жас кәсіпкердің алғашқы қадамдары қалыптаса бастады. Сатылымнан түскен табысты еміне, шикізатқа жұмсайды. «Мен көп табыс тауып, емделіп шығамын, уайымдамаңыздар» –деп ата-анасына ерік-жігер береді. Ендігі мақсатымыз– осы сабынға емдік шөптер қосып, адамның терісіне пайдасын тигізетін сабын жасап көру. Мұнан бөлек сазбалшықтан құмыра жасау, киізден картина жасау, сурет салу сабақтарына барамыз. Байқағаным Кәусарға шығармашылық жұмыстар қатты ұнайды. Дертінен айығып, Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатын маман болатынына мен сенемін.
Мемлекеттің болашағы осындай талапты жастардың қолында деген рас. Жасынан алдына мақсат қоя білсе, оған қалай жетуді де ойлаған өреннің өрісі тарылмақ емес. Мұндай балалар өзімен бірге, қоғамға, мемлекетіне де пайдасын тигізері хақ.
Кәусар ішетін крахмалдың бағасы да арзан тұрмайды екен. Әзірге анасы кішкентай балақайды емдеткісі келгенімен, қай жерде, қандай ем-шара қабылдау қажеттігін білмейді. Мұның бәрі үлкен қаражатты қажет ететіндіктен сабын өндірісін дамыту үшін мемлекеттік грантқа да қатысып көріп, оң нәтиже ала алмаған. Әйткенмен анасы қызының еңбегі еленетініне сенеді.
«Талаптыға нұр жауар» дейді халық тәмсілінде. Қиындыққа мойымайтын күрескер Кәусардай батыр қыздырдың болғанына бір қуанып, бір мұңайдық. Саналы, ақылды, жасы кіші болса да айтар ойы бар өренге қарап, іштей риза болдық. Кәусардың өмірі мен күш-жігері қиындық көріп,аурумен арпалысып жүрген талай жанға демеу болары сөзсіз.
Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ