Қазақстанның тәуелсіздік таңында әлемдегі төртінші ядролық қару қорынан бас тартуы ірі әлемдік державалар тарапынан сенімнің нығаюына ықпал етті. Сондай-ақ, әлемдік қоғамдастықтың жас мемлекетке достық қарым-қатынасын қамтамасыз етумен қатар, Қазақстан Республикасының жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналуына мүмкіндік туғызды. 2015 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдады. Қазақстан көпжақты және бейбіт сыртқы саясатты дамытып, әлемнің 183 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстан саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу мақсатында БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді халықаралық қоғамдастық құрған негізгі үкіметаралық ұйымдардың құрамына кіреді және арадағы ынтымақтастықтың артуына күш салады. Қазақстан белсенді сыртқы саяси қызметі мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркі Кеңесі сияқты ұйымдарды құруда негізгі рөл атқарды. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ саммитін және ЭКСПО дүниежүзілік көрмесін өткізді. Қазақстан ТМД-да оны өткізген алғашқы ел болды. Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін өрлеу мен тұрақты даму дәуіріне айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тəуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тəуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – əр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тəуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты». 2021 жыл тарихи және межелі жыл болмақ. Қазақстан 10 жылдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдағы жылдарға көп нәрсе жоспарланған. Тәуелсіздікке қол жеткізу жаңа демократиялық мемлекет, жаңа қоғам құрудың негізін қалаған Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға болды. Әлемдегі кез келген ел сияқты Қазақстан үшін де тәуелсіздік мемлекеттіліктің берік тірегіне айналды және егемендіктің  негізін құрады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *