Қазіргі қоғамның қорқынышты дерті – синтетикалық есірткі. Есірткінің бұл түрінің адам ағзасына тигізер қатері орасан. Мамандар синтетикалық есірткінің әсері қарапайым марихуана мен анашаға қарағанда 10-15 есе күштірек дегенді алға тартады. Елімізде синтетикалық есірткінің жасөсіпірімдер мен жастарды «сиқыршыдай баурағаны» әрі оның қолжетімділігі қоғамды алаңдатып отыр. Бұл мәселені мамандармен бірге зерделеп көрдік.
Нарколог-дәрігерлердің айтуынша, әдеттегі есірткіге тәуелді адамды медициналық, психологиялық жолмен емдеу мүмкін болса, синтетикалық түрін тұтынғандардың емделуі екіталай екен. Есірткінің бұл түрі адамның тәнін ғана улап қоймай, ақыл-есінен айырып, түрлі ауытқушылықтарға әкеледі. Елімізде есірткі саудасы жылдан жылға артып, үлкен қауіпке айналып келеді. Бүгінде «Тұз», «Кристалл», «жылдамдық» секілді түрлі атаулары бар есірткі заттары нарықты тез жаулап алды. Әрине, мұндай жеңіл ақша көздегендердің құрығына көбіне аңғал, оң-солын танымаған жасөспірімдер немесе желік іздеген жастар көп ілінеді. Сонымен қатар, есірткінің аса жылдамдықпен таралуына онлайн сауданың да ықпалы зор. Сатушы да, сатып алушы да, тұтынушы да бірін-бірі көрмейді. Сайт арқылы саудаланған тауар әртүрлі жолмен тұтынушыға жетеді. Мұндай заңсыз тірлікпен күресу де оңайға түспей тұр. Интернеттің дамыған заманында есірткі саудасымен айналысатын сайттарды анықтап, бұғаттап үлгермей жатып, жаңасы ашылады. Онымен қоймай есірткі заттарының да құрамы күнде өзгеріп , күнде жаңасы шығатын көрінеді. Тіпті еліктіргіш заттарды жасайтын жасырын зертханалар тұрып жатқан үйіміздің жанында болуы да әбден мүмкін.
Шымкент қаласында «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» жобасы іске қосылған. Жоба аясында Шымкент қалалық полиция, қалалық Ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығы тығыз жұмыс істеп келеді. Есірткі заттары, ішімдік пен темекінің келтірер зияны жайында тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан
Карбековтің айтуынша, жыл басынан бері елімізде есірткі саудасымен айналысып келген 4000-нан астам сайт бұғатталып, есірткінің орнын алмастыратын препараттардың дәріханалардан дәрігердің рұқсатынсыз босатылуы бойынша бірнеше іс қозғалған. Шымкентте жыл басынан бері 300-ден аса заңсыз сауда анықталса, 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып, нашақорлыққа байланысты түрлі құқық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде 58 іс 29 жасқа жетпеген жастар арасында болған.
– Жастар арасында есірткі сату және сатып алу фактілері азаймай тұр. Оған себеп – интернет желісінің кеңінен таралуы, әлеуметтік желілердің ашықтығы, – дейді Бауыржан Карбеков.
Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, үшінші мегаполисте 919 адам нашақорлықпен есепте тұрса, олардың 260-ы опиум, героин тұтынатындар, 249-ы марихуана, анашаға еліксе, 399 адам түрлі психобелсенді заттар мен синтетикалық есірткі пайдаланады екен. Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері
Раушан Асанқызының айтуынша, есірткінің құрығына түскендердің көпшілігі ем алуға келмейді.
– Олардың бірі қоғамның түртпегінен қорықса, бірі ем алуды кейінге қалдырып, уақытын өткізіп жүргендер. Ал енді біреулері жеке клиникаларда жасырын емделгенді жөн көреді. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» дегендей, есірткінің саудасын жүргізетіндердің қатарында әлеуметтік-отбасылық жағдайы төмен жандармен қатар ауқатты, танымал жандар да бар. Жалпы нашақорлықпен есепке тұрған адамды дәрігер бақылауға алып, 1 жыл ішінде есірткі затын пайдаланбай, зертхана нәтижесі оң нәтиже көрсетсе, ол адамды есептен шығарылады. Ол бұрын 5 жыл мерзімінде еді. Дегенмен, емделіп кеткен науқастардың орталыққа қайта келуі де жиі кездеседі. Осы тұста ата-аналарға балаларының болашағына бей-жай қарамаса деген өтінішімді жеткізгім келеді. Егер балаңыздан ұйқысыздық, оқыс қимылдар, мінезінде өзгерістер, яғни, тым тұйық немесе шектен тыс қуаныш байқалса, жарыққа аса сезімталдықты байқасаңыз, дабыл қағып, дер кезінде маманның көмегіне жүгінген жөн, – дейді
Раушан Баймұрынова.
Бұдан бөлек, синтетикалық есірткіні пайдаланған адамда күші тасып, белсенділік пен энергияның жоғарылауы пайда болады. Тіпті өзіне деген сенімділік артады. Енді бірі ашуланшақ болады, бүкіл әлем оған қарсы және айналасындағылардың бәрі қауіпті болып көрінеді.
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында жастар арасындағы есірткі мәселесін көтеріп, онымен күресудің жоспарын жандандыруға тапсырма берді. Осы мақсатта республика бойынша Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал Шымкентте психикалық денсаулық, ЖИТС-пен күрес, Жастар ресурстық орталықтарының мамандары дін өкілдерімен бірігіп жоғарғы оқу орындары мен мектептерде ай сайын нашақорлыққа қарсы тәлім-тәрбие жұмыстарын өткізіп тұрады. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының маманы Айжарқын Абдуллақызынан мәліметінше, шаһарда жыл басынан бері NEET санатындағы жастар санын азайту бойынша құқық қорғау органдары және есірткіге қарсы күрес басқармасының мамандарымен бірлесе отырып есірткі жарнамасының алдын алу мақсатында «STOP: Есірткіге жол жоқ!» акциясы өткізілген. Оның барысында сауда нүктелерінде есірткі жарнамаларының алдын алу бойынша қаламызға қарасты базарлар және қоғамдық орындарда 15 ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілген. «Сенің жаңа қырың» жобасы аясында нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері 73 кездесу (онлайн, офлайн, ZOOM) өткізген.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде 15 пен 64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам әлем тұрғыны тұрақты нашақорлар тізіміне алынған екен. Жыл сайын есірткінің кесірінен 450 мыңнан астам адам ажал құрығына іленеді. Сондықтан болар, дүниежүзілік сарапшылар дабыл қағуда. Ендеше, ұлтымыздың денсаулығына төнген кеселмен бірлесіп күресу қоғам күттірмейтін мәселе болып тұр.
С.ЖАМАЛДИНОВА