Биыл жыл соңына дейін Түркістан қаласында бір жарым мың пәтер пайдалануға беріледі. Шаһарда баспанаға мұқтаж 10 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жаңа баспаналар кімдерге беріледі? Сондай-ақ өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Түркістан қаласында халыққа жаңа баспана соңғы рет 2016 жылы берілген. Ол кезде ел игілігіне 12 көпқабатты тұрғын үй ұсынылыпты. Киелі шаһар облыс орталығы болғалы бері мұнда тұрғын үй құрылысы қыза түскен. Қазір мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жекешелендіру құқығынсыз берілетін коммуналдық үйлер салынып, баспанаға мұқтаж жандарға беру жоспарланып отыр. Нұриддин Ысқақов – 3 баланың әкесі. Келіншегі мұғалім. Жас отбасы жаңа баспанадан үмітті. Нұриддин Ысқақов, қала тұрғыны: — Әйелім мүғалім болып жұмыс істейді. Әйелімнің атынан құжат өткізіп жатырмыз. Құдай қаласа, биыл үй аламын деп үміттеніп отырмын. Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 10 мыңнан асады. Олардың арасында көпбалалы және аз қамтылған, сондай-ақ үйі апатты деп танылған отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері мен жетім балалар бар. Биыл шаһарда қанша тұрғын үйдің құрылысы аяқталады? Олар кімдерге беріледі? Жыл соңына дейін баспанаға мұқтаж қанша отбасы қоныс тойын тойлайды? Рашид Аюпов, қала әкімі: — 660 пәтер бітуге жақын, бір айда беріледі. Оны өздеріңіз білесіздер, тұрғын үй заңына сәйкес бес топтан тұратын азаматтарға беріледі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен үйі аптақа түскендер мен мемлекеттік қызметкерлер. 660 пәтерді жақын күндері беретін болсақ, жыл соңына дейін тағы да 600 пәтер береміз. Оған қосымша тағы 6 үйді сатып аламыз, сонда 1500-дей баспана биыл беріледі. Сонымен қатар өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы қалай іске асырылып жатыр? Бағдарламаны түсіндіру жұмыстары мен оған тұрғындардың қызығушылығы қалай? Осы сауалдарды қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына қойған едік. Әбутәліп Асанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: — «Бақытты отбасы» бағдарламасы қазір жүріп жатыр. 19 жылға 2%-тік үстемемен берілетін қаржы алғашқы жарнасын 10%-ін төлеу керек олар. Бүгінгі таңға осы бағдарламаға өтініш білдіріп, бізге келген 15 отбасыға банкке жолдама бердік. Төлем қабілеті банк тарапынан қолдау тапса, олар баспана алуға мүмкіндіктері бар. Жалпы Түркістан қаласында мемлекеттік «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдаралмалары бойынша 60-қа жуық көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Олардың барлығы келесі жылы пайдалануға беріледі. Сол кезде 4 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлайды.
Медиаон ақпарат