Түркістандық балалар Хорватияға барып, футбол үйренеді. Өңірде балалар футболын дамытуға күш салынбақ. «Тұран» футбол академиясы құрылып, шетелден бапкерлер тартылған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Хорватия Республикасының Туризм және спорт министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Тончи Главина бастап келген делегацияны қабылдады. Облыс басшысы Катарда өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионатында Хорватияның жартылай финалына шығуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Делегация құрамында Хорватияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабанович те болды.
Кездесуде облыс басшысы Дархан Сатыбалды екіжақты іскерлік байланысты одан әрі нығайту жайлы айтты. Тараптар спорт пен туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды талқылады. Облыс әкімі тиімді әлеуметтік жобалармен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Даму жолындағы инвестициялық мүмкіндіктерінің молайғанын және өңірде өндірісті дамытуға күш салынып отырғанын атап өтті.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жұмыс сапарында Түркістан қаласына еліміздің рухани – мәдени орталығы мәртебесін беру мәселесін көтерді. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған ұлы шаһар. Тарихи шешімдер осы қалада қабылданған. Төрт жылда облыс орталығы танымастай өзгерді. Облыс қарқынды дамып келеді. Спорт саласын дамытуға, оның ішінде футболды дамытуға күш салынады. Осы арқылы туризмді дамытуға да мүмкіндік артпақ. Біз Хорватияның футболдағы табыстарын білеміз. Бүгін Аргентинамен кездесуде құрамаларыңызға жеңіс пен сәттілік тілеймін! Біздің жасөспірім футболшыларды даярлауда Хорватия мамандары мен футбол академияларымен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Хорватияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабанович футболды дамыту бағытындағы пікірлерін айтты.
– Баланы футболға ерте жастан беру керек. Сегіз-тоғыз жас кеш болуы мүмкін. Хорватияның футбол академиялары мен мектептерінің жетістіктерін әлем біледі. Оған біздің футболшылардың жеңістері дәлел. Хорватияда әрбір тұрғын футболдың жанкүйері десек қателеспеймін. Сіздерде футбол дамуы үшін жанкүйерлері көп болуы керек. Балалар футболынан бастаған жөн. Біз қазақ балаларының әлемдік аренада жарқырауына тілектеспіз, – деді елші.
Кездесу соңында хорватиялық делегация Түркістан қаласының сәулетіне жылы пікірлерін білдіріп, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға Хорватия ұлттық құрамасының спорттық формасын сыйға тартты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.