Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар жалғасуда. Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарында наурыз көже берілді. Алдымен Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамбылова бастаған аналар қауымы «Қылует» рухани орталығына барды. Биыл ел игілігіне берілетін рухани нысанда 100-ден аса құрылысшы еңбек етуде. Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болмақ. Шара барысында құрылыс нысанындағы жұмысшыларға наурыз көже беріліп, ыстық палау мен бауырсақ үлестірілді. Іс-шара барысында құрылыс алаңында асық атудан сайыс өтіп, үлкен-кіші демей белсене қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен арнайы Наурыз кәдесыйлары табысталды. Мерекелік іс-шара жаңа қала аумағындағы «Nur-Sultan city» тұрғын үй кешенінде жалғасты. Жалпы бүгінгі шара аясында облыс орталығында жұмыс істеп жатқан 200-ден аса құрылысшы наурыз көжеден дәм татып, алғыстарын айтты. Мерекелік көңіл күйге бөленген құрылысшылар барша түркістандықтар мен қонақтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.