Шымкент қаласы Солтүстік саяжай тұрғын алабында сапалы электр желісі іске қосылды. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов келді.
—Шымкенттің 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары қабылданған. Соған сәйкес, халықты ауыз су, сапалы электр қуаты, табиғи газ және жолмен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Әсіресе, шеткі шағынаудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басымдық беріп отырмыз. Мәселен, осы Солтүстік саяжай тұрғын алабына өткен жылы ауыз су берілсе, міне, биыл электр желісі іске қосылуда. Қазір табиғи газ құбырлары да тартылуда. Оның құрылысы келесі 2023 жылы аяқталады, — дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Солтүстік саяжайда бүгінде 26 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр. Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Мұнда 4 500-ден астам электр бағаналары және 70 трансформатор орнатылып, 198 шақырым электр желісі тартылған. Сондай-ақ, электр тарату станциясы да іске қосылды. Енді мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, халықты сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін өседі.
– Биылғы 5 маусымда жалпы халықтық референдум өтіп, еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ал жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында президент сайлауы мен парламент сайлауы өтетініне тоқталды. Бұл – елімізде соңғы жылдары орын алып жатқан саяси реформалардың жалғасы іспетті оқиғалар. Өздеріңізге белгілі болғандай, ел Президенті 7 жыл мерзімге бір рет сайланады, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді. Мұны айтып отырған себебіміз, «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Сондықтан, еліміздің әр азаматы қоғамдағы өзгерістерден хабардар болып отырғаны да дұрыс. Көбіңіз ұл-қыз өсіріп отырған боларсыздар, Президент Жолдауында айтылған маңызды жаңалықтың бірі – Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы еліміздегі кәмелет жасқа толмаған балалардың арнайы шотына 18 жасқа дейін аударылып отыратын жаңалық та бұрын-соңды елімізде болмаған. Бұл да болса халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі деп санаймын, – деді Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Шалатай Мырзахметов.