ШЫМКЕНТТЕ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

 

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов үстел теннисі орталығының ашылу салтанатына орайластырылған «SHYMKENT CUP» ашық республикалық турниріне қатысты. Жарыста Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Азербайжан және еліміздің өзге өңірлерінен келген 230 спортшы бақ сынасуда. Қала әкімі М.Әйтенов тұрғындарды орталықтың ашылуымен құттықтап, турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.

“Қаламызда бой көтерген үстел теннисі орталығы әлемдік ареналарда өнер көрсететін жас спортшыларға жол ашады. Мұнда алдағы уақытта халықаралық, республикалық деңгейде түрлі чемпионаттар ұйымдастырылатын болады. Соңғы үлгіде бой көтерген жаңа ғимараттың мегаполис тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамытуда да септігі мол болмақ” – деді қала әкімі.

Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан 1632 шаршы метрді алып жатыр. Орталықта 12 үстел теннисіне арналған спорт залы, сыйымдылығы 200 адамға лайықталған көрермендер орны және медициналық кабинет қарастырылған. Сондай-ақ кең әрі жарық ғимарат соңғы үлгідегі сапалы бейнеқондырғылармен жабдықталған. Үстел теннисі федерациясына қарасты орталықта спортшылардың жарыстарға дайындалуына, емін-еркін жаттығуларына толық жағдай жасалған.

Айта кетейік, бүгінде мегаполисте үстел теннисімен 2000-ға жуық спортшы тұрақты шұғылданады. Олардың арасында Орта Азия, Жастар арасындағы ел чемпионаттарының, Жасөспірімдер халықаралық турнирлерінің жеңімпаздары бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.