Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева жастар бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй алуға құжаттар қабылдау туралы арнайы баспасөз брифингін берді.
Брифинг барысында басқарма басшысы елімізде баспанаға деген қолжетімділік – өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын, жастарды баспанамен қамту – басты назарда екендігін айтты.
«Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша кезекті құжаттарды қабылдау 2022 жылдың 01 — 05 желтоқсан аралығында сағат 09-00-ден 19-00 аралығында жүргізіледі. Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 360 пәтер Бозарық шағын ауданында орналасқан. Оның ішінде 1 бөлмелі пәтер саны-90, 2 бөлмелі пәтер саны-90, 3 бөлмелі пәтер саны — 180. Жалпы жыл соңына дейін Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша 857 азаматты арендалық пәтермен қамту жоспарланған»,-деді басқарма басшысы Жанат Утебаева
Сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасына өтінімдер қабылдау 2022 жылдың 28-29 шілде және 6-7 қазан аралығында жүргізілді. Нәтижесінде аталған бағдарлама бойынша алғашқы кезең бойынша 211 азамат тұрғын үймен қамтылды. Ал 6-7 қазан аралығында жүргізілген 286 пәтер бойынша жастардан қабылданған өтінімдердің нәтижесі 28 қараша күні анықталып, қазіргі таңда бұл азаматтармен жалдау шарты электронды түрде түзілуде.
Қатысушыларға қойылатын басты талаптар:
Жасы 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс, бағдарламаға қатысуға өтінім берушінің соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үйі тіркелмеуі керек, Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы сонымен қатар соңғы алты айдағы табысы 40 АЕК (122 520 теңгеден) асуы шарт.
Жұмыс істейтін жастар бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:
✅өтініш берушінің білімі туралы құжаттың көшірмесі;
✅жұмыс орнынан анықтама;
✅өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
✅Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын заң жүзінде көрсетілген құжаттар (еңбек кітапшасы, аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер);
✅банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді (депозиттік шот);
✅өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы ) арқылы өтініш бере алады.
Құжат тапсыру немесе өңдеу кезеңінде азаматтар техникалық сұрақтар туындаған жағдайда кеzekte.kz cайтының телеграмм-парақшасына сайттағы QR-кодты сканерлеу арқылы өтіп (тек жұмыс уақытында) сұрақтарын қойып жауап ала алады.
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта 100 (жүз) сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге -10 балл;
2) отбасы болған жағдайда — 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін — 2 балл;
3) 1 (бір) бала болған жағдайда — 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін — 2 балл;
4) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл — 5 балл, әрбір жыл үшін — 1 балл;
5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда — 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) — 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін — 1 балл;
7) екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін — 2 балл.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.