«Жыл соңына дейін Мирас, Шапағат-2, Тассай, Тұран (ішкі жүйе), Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық елді мекендеріндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады». Бұл туралы Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіқалықов мәлімдеді

— Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і немесе 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 57 шағын аудан кәрізбен қамтылмаған. 2023 жылы 11 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4,8 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2 магистральды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен 6 нысанның, атап айтқанда, Мирас, Шапағат-2, Тассай, Тұран (ішкі жүйе), Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық секілді елді мекендердің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бүгінде 18 мыңға жуық халқы бар Нұртас шағын ауданын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін жалпы ұзындығы 62,6 шақырым құбыр жүргізіліп жатыр. Мердігер компания «Тараз Строй – 2004» бүгінде жұмыстың 35 пайызын атқарып үлгеріпті. нысан құрылысының жұмысына 50 маман және 10 арнайы техника тартылған.Қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аяқталса, 2025 жылы кәрізбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.