Бүгінгі таңда мақтааралдықтар 43848 ірі қара, 53225 ұсақ мал, 6558 жылқы, 411 түйе, 486 шошқа, 67757 құсты бағып отыр. Мақтаарал ауданында жайылым жер жоқтың қасы. Сондықтан, мұнда малды көбейткеннен көрі бордақылаған өте тиімді. Қазірдің өзінде ауданда 80-нен аса мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы аудандағы мал бордақылау алаңдарының жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді. Ең алдымен өңір басшысы «Исрайлов» шаруа қожалығына атбасын бұрып, 20-ға жуық бұқаны бордақылап жатқан Исрайлов Тәңірбергеннің жұмысымен танысты. Мұндағы мал бордақылау алаңы 50 бас малға арналған. «Ырыс» қаржы ұйымынан несие алу үшін құжаттар тапсырған Тәңірберген бордақыланатын мал санын көбейтпекші. Сондай-ақ, өндірген етті экспортқа дейін шығаруды көздеп отыр. Қожалық басшысы жем-шөптің қымбаттылығын алға тартып қазіргі таңда Өскемен қаласында өндірілетін комбикормды пайдалануда екен.
Медиаон ақпарат