Наурыз айында қолданысқа енген кондукторсыз жүйенің тиімді екеніне транзакцияның 70-80 пайызға өскені айқын дәлел. Қазіргі таңда күнделікті транзакциялар саны жұмыс күндері – 380 мың, демалыс күндері 200 мыңды құрап отыр. Бүгінге дейін бақылаушылар тарапынан 500-ден аса жолақы төлемеген жолаушы анықталып, олардың әрқайсысына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес 6900 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Сәтіллаұлы мәлімдеді.
2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыс барысы баяндалған жиында Шымкентте 1000-ға жуық автобус, 10 автопарк қала тұрғындарына қызмет көрсетіп отырғаны айтылды. Қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған. Бұл мегаполистің қоғамдық көліктердің жаңалануы мен сапасы жағынан республикада алдыңғы қатарда екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, жақында автобус жүргізушілері 100 пайыз аттестациядан өткен. Бұдан бөлек, «I-Kolik» мобильді қосымшасы кең қолданыста. Қазіргі таңда мобильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 200 мыңнан асқан.
Шаһардағы қоғамдық көліктер әлеуметтік маңызы бар 75 бағыт бойынша жүреді. Олар субсидия қаржысы есебінен қала аумағын, шаһардың шалғай аймақтарындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптардың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп отыр. Тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағар май орнына экологиялық таза газ-метанды пайдаланады. Аталған автобустарды газбен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетіп келеді, ал үшінші станцияның құрылысы жүргізілуде.
Шымкенттегі маңызды мәселе жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу болып тұр. Статистикаға сәйкес, Шымкент — автокөлік санының көптігі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай, бүгінде қаладағы жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда. Мысалы, 2022 жылы 287,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда әлі де бірнеше үлкен жолдар бойы мен жолайрықтарда құрылыс бітпеген. Сонымен қатар, қаланың магистральды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ол 236,3 шақырымды құрайтын 294 көшені қамтымақ. Оның 24-і — көлік ағыны жоғары әрі, қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистраль көшелер.
– Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистральды А-2 автомобиль жолының 31 шақырымын қайта жаңарту бойынша құрылыс жұмысы 8 кезеңмен жүргізілуде. Бүгінде 1-ші, 3-ші кезеңнің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Осы жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 37 356,9 шақырымды құрайтын қала көшелеріне жамау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, Абай ауданы – 9 527, Әл-Фараби ауданына – 7 726,9 шақырым, Еңбекші ауданына – 9263 шақырым, Қаратау ауданына – 10 840 шақырым қарайды, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Сәтіллаұлы.
Бүгінде Бәйдібек би – Ұ.Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылған болатын. Жолайрық құрылысы жыл соңында толық аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласында 1886 аялдама бар. 2020 жылдан бері жаңа типтегі аялдама павильондарын орнату жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде жаңа аялдама павильондарының үлесі 35,5% құрап отыр. 2023 жылы 250 аялдама павильонын орнату жоспарланған. Сондай-ақ, қажеттілігі бар аймақтарға 12 бағдаршам орнату көзделген. Қала аумағында орналасқан 291 бағдаршам нысанын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түрде атқарылып отырғанын да тілге тиек етті.
Айта кетейік, қаладағы жалпы ұзындығы 400 шақырым көшеге жол таңбасып сызып, әлеуметтік маңызы бар мекемелердің алдына жалпы ұзындығы 800 метр жасанды жол кедергілерін орнату жоспарланған. Сондай-ақ, жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3500 жол белгісі орнатылмақ.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА