Шымкентте жолаушыларды тасымалдау қызметінің сапасы жақсарып келеді. Автобустар 100 пайыз электронды билет жүйесіне өтіп, қоғамдық көлік бағыттары жаңа автобустармен толығып жатыр. Ендігі реформа – кондукторсыз қызмет көрсету жүйесіне көшу. Қазіргі таңда қаламыздағы «Т-Бас» тасымалдаушы компаниясына тиесілі №18 маршрут пилоттық режимде кондукторсыз қызмет көрсетіп жүр. Саладағы өзгерістерді тарқатып айтсақ.

15

 

Қоғамдық көліктегі мәдениетті көтеру, жолаушыларға жағдай жасау бойынша өзгерістер мен жаңа бастамалар керек-ақ. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың аудан тұрғындарымен кездесуінде кондукторларға қатысты мәселелер жиі көтерілген-ді. Осы мақсатта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруда бірқатар шаралар қолға алынды. Міне, сондай бастаманың бірі – кондукторсыз автобус жүйесіне көшіру. Жазда басталған жобаға жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда жаңа жүйеге өту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда, — дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
– Жаңа жүйеге көшу мәселесі жан-жақты талқыланды. Астана, Алматы қалаларының тәжірибесі зерделенді. Ендігі назар аударатын жайт – жолаушыларды жаңа жүйеге үйрету. Яғни, кондукторларды алып тастағаннан кейін оларды жолақысын төлеуге бейімдеу қажет. Бірінші кезекте тексеру қызметі құрылады. Бұл ретте бақылаушылар күнделікті бағыттарға мініп, жолаушылардың жолақысын төлегенін тексереді. Бұл жұмыстар қатаң бақыланады. Бүгінгі күні басқарама тарапынан жолақы төлемегендерге әкімшілік айыппұл салу мәселесі қарастырылып, қалалық Полиция департаментімен келісім жасалды. Олар да шұғыл әрекет етеді. Егер жолаушыда билет болмаса, жолақысы төленбесе, бақылаушы дер кезінде тәртіп сақшыларына хабарлайды. Сондықтан, қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жүйеге дайын болуы қажет, – дейді бөлім басшысы.
Жауапты маман, қазіргі уақытта автобустарға төлем жүйесінің екінші валидаторы қойылып жатқанын жеткізді. Жаңа жүйеден тасымалдаушы компаниялардың барлығы хабардар. Бәріне орын алатын өзгерістер алдын ала ескертілген. Жоспар бойынша 2023 жылдың қаңтар айында бұл жүйені енгізу жоспарланып отыр.
Басқа қалалардың тәжірибесіне сүйеніп, тексеру жұмыстарын атқаратын тәуелсіз мекеме құрылады. Жалпы бақылау қызметін шамамен 100-150 бақылаушы атқарады деген жоспар бар. Жолақыны төлемеген жолаушыға заңға сәйкес айыппұл салынады. Жолақы әдеттегідей төлем картасы арқылы төленеді. Егер карта болмаса, жүргізушіге 100 теңге төлейді. Жүргізуші чек беруге міндетті.

Дыбыстық хабарлама мәдениетті арттырады

Қоғамдық көлік саласындағы жаңалықтардың бірі – аялдамаларды дыбыстық жүйе арқылы хабарлау. Қазіргі таңда шаһарда №35, 27, 84, 12, 74 бағыттарда бұл жүйе кезең-кезеңімен енгізілді. Жаңа жобаны одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қалған бағыттарда да жүйе біртіндеп іске асады. Тасымалдаушы компанияларға ұсыныс берілген. Бұл – жолаушылар көлігі саласындағы мәдениетті арттыруға бағытталған қадамдардың бірі.
Рас, қалада қоғамдық көлік саласында жүргізушілердің мәдениетіне қатысты көптеген сын айтылды. Осыған байланысты жүргізушілерді оқыту, қайта даярлау орталықтары ашылып, жұмысын бастады. Жүргізушілердің бірқатары оқып, сертификат та алды.
–Шешімін таппаған тағы бір мәселе – жүргізуші тапшылығы. Қоғамдық көліктерде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «Д» санаты бар жүргізушілер өте қажет. Қазіргі уақытта тапшылық шамамен 500-600 жүргізушіні құрайды. Бұл мәселелерді шешуде басқарма тарапынан бірнеше ұсыныстар жасалды, — деп атап өтті басқарма өкілі.
Кадр тапшылығының негізгі себебі – жүргізуші куәлігінің санаттарын берудің қолданыстағы регламенті. Мамандар оны шешу жолдарының бірі «Д» санатын алу тәртібін жеңілдету немесе тағылымдама мерзімін барынша қысқарту бөлігінде тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу дегенді алға тратып отыр.

300 мыңнан астам карта сатылды

Төлем жүйесі енгізілгелі бері шаһарда жолаушыларды тасымалдау саласындағы табыстардың ашықтығы қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, қалалық бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік берген.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда 310 мыңнан астам «Төлем» карталары сатылған. Қаламызда өтінімдерді қабылдау және көлік карталарын беру бойынша 2 кеңсе жұмыс істейді. Күнделікті транзакциялар саны 300 мыңды құрап отыр. Оның ішінде транзакциялардың 90 пайызы төлем карталарымен төленеді.

Түйін.

Қоғамдық көлік саласындағы реформалар өз нәтижесін беріп келеді. Мәселен, автобустарды жаңарту көрсеткіші бойынша Шымкент республикада Астана қаласынан кейін екінші орында тұр екен. Ең маңыздысы шалғайдағы барлық елді мекендерге қатынайтын автобустар да толығымен жаңарды. Енді жағымды жаңалық шағынаудандарда әр көше бойынша автобустарды жүргізу мәселесі талқылануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.