КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ҚАРАҚАЙДА ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Президентінің №826 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы тұрғындардың хабардар болуын арттыруға, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар ету билік органдарының беделін арттыруға, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіру бағытындағы кезекті кездесуі Қарақай ауылдық округінде жалғасты.
Аудан әкімінің баяндамасы бойынша 2022 жылға аудандық бюджеттің жалпы кірісі мен шығысы 33,6 млрд теңге көлемінде бекітілген. Оның 2,2 млрд теңгесі бюджеттің өзіндік кірістері болса, 23,8 млрд теңге субвенция, ал, нысаналы трансферттер 7,6 млрд теңгені құрап отыр.
Аудандағы Мақталы ауылдық округі Мақталы елді мекенінің ауыз су жүйелерінің құрылысына 2021 жылға 101,7 млн теңге бөлініп, толығымен игерілсе, 2022 жылға республикалық бюджеттен 112,2 млн теңге бөлініп, нысандарды қараша айында тапсыру жоспарланған.
2021 жылға сметалық құны 2,7 млрд теңге болатын Жетісай қаласын ауыз сумен жабдықтау жүйесін қайта құруға 690,8 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген.
Ж.Ералиев, Қазыбек би ауылдық округтеріндегі 2 елді мекеннің ауыз су жүйелерін қайта құру құрылысына ЖСҚ әзірлеу мақсатында жергілікті бюджеттен 12,9 млн қаржы қаралып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Атакент-Асықата-Көктөбе магистральды ауыз су құбырын жүргізу мақсатында техника-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстарына 37 млн теңге қаралып, тисті жұмыстар жүргізілуде. «ОңтүстікҚазЖер қойнауы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің 2014 жылғы Кеңес отырысының хаттамасына сәйкес, жер асты суының күндік қоры 17,2 мың м3. Ал, жалпы су қоры шамамен 6,2 млн м3 құрайды деп күтілуде.
2022 жылы аудандағы 10 ауылдық округтегі, елді мекендерде ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге, Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га жер телімінің аумағынан ауыз су резервуарын орнатуға жергілікті бюджеттен 433,3 млн теңге бөлінген.
Аудан басшысы есепті кездесуден соң жергілікті тұрғындарды жеке және қоғамдық мәселелерімен қабылдады.
Жеке қабылдауға аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен мәслихат депутаттары Мұхтар Тәңірбергенов, Гүлмира Саржанова, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Есімжан Надиров, Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев, бөлім басшылары, «ҚазСуШар» РМК өкілдері қатысты.
Жеке қабылдау барысында атаулы әлеуметтік көмек, ауыз су, ескі электр бағаналарын ауыстыру, округ елді мекендерінде мәдениет және спорт нысандарын салу, жол жөндеу мәселелері сөз болды.
Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша аудан басшысы сала мамандары мен бөлім басшыларына тиісті жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде тапсырма берді.