Кентау қаласына газ берілді 2022 жылғы 8 сәуір 14:24Бөлісіңіз: КЕНТАУ. ҚазАқпарат — Түркістан облысы Кентау қаласына алғаш рет газ берілді. Қала тұрғындарының қуанышына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ортақтасып, жергілікті халықпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кентау Түркістанмен қатар дамып, әлеуеті көтеріледі. Моноқаланың бәсекеге қабілеттілігі жоғарылайды. Оған толық мүмкіндік бар. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентаудағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында тұрғындармен кездесті. «Бүгін кентаулықтар үшін көптен күткен мәселе шешіліп, қалаға газ беріліп отыр. Басшы ретінде осы бастаманы қысқа мерзімде орындауға күш салып, қаржы мәселесін шешіп, компаниялармен келіссөз жүргізіп, сол межеге жетіп отырмыз. Жобаны жүзеге асыруда өте күрделі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл — Кентау қаласы тұрғындарының өмір сапасын арттырады. Қалаларыңызға газ еніп тұр. Енді тұрғындар бірлесіп әрекет етсе, әр үйге кезең-кезеңімен газ кіргізілетін болады», — деді аймақ басшысы. Облыс әкімі өңірдегі жұмыстарды баяндай келе тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Кентауды дамыту бағытында да жұмыс күшейетінін жеткізді. Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, қаланы газбен қамту, ономастика, жұмыс орындарын көбейту, жол, баспанамен қамту, балалар ойын алаңшаларын салу, Кентау қаласының жастарын «Серпін» бағдарламасына енгізуге ықпал ету және өзге де мәселелерді көтерді. Өткір сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құру бағытындағы негізгі міндеттерді айқындап берді. Есеп беру форматы өзгеріп, басшылар тұрғындармен еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Баяндама — аз, тұрғындардан сұрақ көп болса, деген ұстанымдамын. Облысымызда көптеген сала бойынша өсу, өрлеу бар екенін айта кеткен жөн. Жалпы облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы Кентаудың дамуына үлкен серпін берді. 2021 жылы Кентау қаласын дамытуға 1,3 млрд.. теңге қаржы бөлінді. Көпқабатты үйлер модернизациялаудан өтті. Шахтаның суын төмендету жұмыстары жүргізілуде. Биыл қаланы дамытуға 1,6 млрд теңге бағытталып отыр. Кентау қаласы аумағындағы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде кезеңімен шешетін боламыз», – деді Өмірзақ Шөкеев. Есептік жиын соңында облыс әкімі бір топ тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Олардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдап, заң аясында кеңес берді. Бірқатар түйткілдерді шешу бойынша жауапты басқарма басшылары мен Кентау қаласының әкімі Рашид Аюповқа міндеттер жүктеді. Әрбір ұсыныс пен өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.