Шымкенттегі шалғай аудандарға инфрақұрылым жеткізіліп, орталықтан алыс орналасқан елдімекен тұрғындары коммуналды қажеттіліктерге қол жеткізіп келеді. Жуырда кезекті екі тұрғын алабына жарық пен табиғи газ жеткізілді. Абай ауданына қарасты нысандарды қала әкімі Мұрат Әйтенов жауапты мамандармен бірге аралады.

655

 

Алдымен Жаңаталап елдімекенінде шағын қосалқы станция іске қосылып, тұрғындарға сапалы электр қуаты беріле бастады. Қала әкімінің қатысуымен монтерлар желіні салтанатты түрде іске қосты.

– Жаңаталап тұрғындары былтырғы кездесулерде мемлекеттік сапалы электр энергиясын жеткізуді сұранған болатын. Осыдан бір ай бұрын осы елдімекенде болғанымда жақында жаңа желі іске қосылады деп, тиісті мамандармен бірге уәде бердік. Міне, сол нысан ел игілігіне беріліп отыр. Жалпы, қаланың дамуына, оның ішінде коммуналды шаруашылықты дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданып, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Мердігер мекеме құрылысты мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырып отыр.

– Бұл шағын қосалқы станцияның қуаттылығы – 4 мың киловатт. Мұндағы электр желілерін тарту жұмысы өткен жылдың тамыз айында бастаған болатынбыз. Жоспар бойынша биылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын, ал біз мерзімінен бұрын, қазан айында толық аяқтап отырмыз, – деді «Шымкентгаз» ЖШС директоры Жарас Момбаев.

Мұнда жалпы ұзындығы 42 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1 312 электр бағанасы, 21 электр трансформаторы орнатылды. Нәтижесінде, Жаңаталаптағы 1 361 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады. Қазіргі уақытта құжаттары дайын үйлерге «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Елдімекен тұрғындары бұған дейін жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып, оған 27-30 теңге аралығында төлем жасап келген екен. Ал мемлекеттік желідегі электр қуатының тарифі – 17,9 теңге.

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшыларының мәлімінше, шаһардағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электр энергиясымен қамтылған, қалған сегізінде электр қуаты сапасыз саналады. Олар: Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ және Солтүстік саяжай елді мекендері.

– Жылдың соңына дейін осы 6 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа желі пайдалануға беріледі. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде 22 мыңға жуық тұрғын сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, қаладағы электр жарығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызға жетеді. Ал Қайнарбұлақ пен Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтуға байланысты жобаның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Жалпы, 2023 жылы мегаполистегі барлық елді мекен сапалы электр қуатымен 100 пайыз қамтылады деген жоспар бар, – деді басқарма басшысы.

Жауапты мамандар Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қуат таратушы 6 қосалқы станция салуды көздер отыр. Олар – «Ынтымақ» (110/10 кВ), «Қызылсу» (220/110/10 кВ), «Жұлдыз» (220/110/10 кВ), «Тұран» (110/10 кВ), «Шымсити» (110/10 кВ) және «Ипподром» (110/10 кВ) станциялары.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Көкбұлақ елдімекенінде де болды. Мұндағы тұрғындардың үйлеріне табиғи газ қосылуда.

656

– Шымкент қаласының тұрғындарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Бұл бағытта бірнеше жылдық тиісті жоспар бекітілген. Халықпен кездесулер барысында біраз тұрғын «үйімізге инфрақұрылым қосылмаған» деп жатады. Мұндағы түсінуіміз керек бір нәрсе – елдімекендерге мемлекеттік инфрақұрылым желісі жеткізілген соң ары қарай әр үйге, нысанға бөлек желі тартып, қосып алу тұрғындардың өздері тарапынан атқарылуы тиіс. Осы жұмыстар ыңғайлы болуы үшін біз су, жарық немесе табиғи газ секілді инфрақұрылым желісін бір-біріне жақын елді мекендерге топтастырып жеткізіп жүрміз. Сонда үйлерге қосу жұмыстарын да бір мекеме тиісті талапқа сай орындауға мүмкіндік болады. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың жағдайын жақсарту мақсатында 2020-2025 жылдарға арналған Шымкентті дамыту жоспары жасалғанынан хабардарсыздар. Екі жылдың өзінде біршама жұмыс атқарылғанына тұрғындардың өздері дә куә болуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Жоспар бойынша 2023 жылы қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілсе, 2024-2025 жылдары газ және электр қуатымен қамтамасыз ету көрсеткіші де 100 пайыз болады. Ал кәріз жүйесі ол жылдары 79 пайызға жетеді деп күтілуде, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Көкбұлақ елдімекеніне табиғи газ құбырын жеткізу жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінге дейін 16,1 шақырым газ құбыры тартылып, жоспар толығымен орындалды. Қазіргі уақытта магистралды құбырға газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды.

Айта кетейік, бүгінде мегаполис тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Жыл соңына дейін, Тұран, Ақтас-1, Ақтас-2, Нұртас, Батыс, Сәуле-276 орам, Ақжар және Арғымақ елді мекендеріне табиғи газ желісі жеткізіліп, көрсеткіш 94,7 пайызға жетеді деп күтілуде. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы өкілдері берген мәліметке сәйкес, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал қалған Құрсай, Сайрам және Қайнарбұлақ елді мекендерінің тұрғындары суды кестемен тұтынуда.

– Биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Олар – Құрсай 1, Асар-2, Текесу, Қайнарбұлақ, Еңбекші ауданына қарасты жаңа құрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағышы. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы құрылыс 2023 жылы толық аяқталса, Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылысы биыл аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға жетеді, – деді басқарма басшысы Боранбай Болатбеков.

Бекітілген жоспарға сәйкес, жауапты мамандар Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылатын болады деп уәде беріп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.