Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Діни сауаттылық-қоғам қауіпсіздігі» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия оқушылары арасында түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Діни сауатсыздықтың кесірі
Бүгінгі күні қоғамдық проблемалар қатарында дін жолында адасушылар да өз алдына бір топты құрап отыр. Дінге үлкен сеніммен келгенмен үйретушісі дұрыс болмаса, ол адамның жалпы дін жолынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарына тән жолдан ауытқып кетуі өте оңай. Қазақстан мұсылмандары сунниттік, оның ішінде Ханафи мәзһабын, Матуриди ақидасын ұстануымен және жергілікті ғұрыпқа да көңіл бөлуімен ерекшеленеді. Қазақ жерінде ислам ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуында өзіндік зор үлес қосып, халықтың күнделікті әдет-ғұрып, салт- дәстүріне терең сіңіп кетті.
Дегенмен дін оқуын алыс шетелдерде оқып келгендер немесе шетелдік діндарлар осы ерекшеліктерге сай исламды түсіндіру керектігін ескермегендіктен, біраз жастар өз жерінде қалыптасқан исламның ерекшеліктерімен санасуды ескермеді. Ширк, күпір, бидғат, жиһад деген сөздермен қалыпты көп нәрсені терістеп, керек десеңіз, шын исламды іздеумен Сириядан бірақ шықты. Өздерінің қатты алданғанын олар кеш ұқты.
Деструктивті сипаттағы теріс діни ағымдарға ерген жастар аят-хадистерде айтылған жайттардың астарындағы даналыққа үңілмеді, діни мәтіндерге үстірт қарады, тарихты оқымады, мәдениетті елемеді, келте діни түсінікпен ата-ана, туыс-туған, дос- жарандарынан безінді, дәстүріне қарсы шықты, қабірлерді қиратты, мемлекеттік билігіне қару алып қарсы тұрып, кейбір зайырлы білім пәндерін қабылдамады, қоғамнан оқшауланып, өздерінен басқаларды адасушы деп түсінді, біржақтылыққа ұрынды. Діни экстремизм бабымен істі болып, лаңкестігі үшін түрмеге қамалды. Бұның бәрі де діни сауаттың төмендігімен болып отыр. Діни сауаты төмен адам дін деп айтылған әрбір сөзге тез иланады, сындарлы ойламайды, мәліметтік ақ-қарасын ажыратпайды, бәрін талғамай қабылдайды. Сондықтан бұл тұрғыда кез келген мәліметті екшейтін ішкі сүзгі болуы керектігін айтамыз.
Мақсаты — жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу мен жақсылық жасай білуге баулу.
Кездесуге Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уалихан Самат Шоқанұлы қатысты. Дін саласының маманы діннің бала тәрбиесі мен оның қоғамдағы рөлі қандай екеніне тоқталып, жат ағымның адам өмірі мен елімізге әкелер қауіпіне тоқталды.
-Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптаса отырып, кемелдену құбылысын жүзеге асырады. Сондықтан діни сауаттылықтың адам санасының оңды дамуындағы рөлі маңызды болмақ, — деді теолог маман Самат Уалихан.
Айта кетейік, қаламыздағы жастар арасында діни сауаттылықты арттыру бағытында тұрақты кездесулер өткізіліп келеді.