Ресми деректерге сүйенсек, Шымкентте 20 мыңнан астам оқушы тегін үйірмелер мен спорттық секцияларға жазылған. Соның ішінде шаһардағы оқушылар сарайында 5 мыңға жуық бала өз таңдаулары бойынша шығармашылығын шыңдайды, білімін жетілдіреді, шынығады. Жас балғындардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығына айналған мекемеде жан-жақты салалар қамтылған. Балаға қажеттінің бәрі табылатын сарайдың дүбірі де ерекше. Оқу жылы аяқталуға таяу. Ендеше, оқушылар сарайының жазғы демалысқа дайындығы қалай? Мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Шымкент қалалық Оқушылар сарайының тарихы сонау 1943 жылдан басталады. Бұл 80 жылдық тарихы бар қаладағы қосымша білім беретін ең ірі ұйым болып табылады. Ондағы үйірмелердің барлығы дерлік тегін жүргізіледі. Яғни, баласы уақытын тиімді өткізуді мақсат еткен әрбір ата-ана оқушылар сарайына келіп, баласы қызығатын, икемі бар үйірмелерге жаздыра алады. Орталықтың жоғары білікті мамандары осы үйірмелердің жұмысын жандандырып отыр.
Қалалық оқушылар сарайының басшысы Бақытжан Мұстафаевтың айтуынша, мұнда талапты да талантты балалардың ең кішкентайының жасы – бесте. Яғни, қала бойынша 5 жастан бала қабылдайтын мекемеде 115 үйірме жұмыс істейді екен. 5000-ға жуық бала аспаптық, қолөнер, спорттық, бейнелеу өнері, техникалық, хореографиялық, тілдік және қосымша білім беру бағыттары бойынша білім алып жүр.
– Қазіргі таңда ата-аналар өз балаларының бос уақытын тиімді пайдалануда бірнеше үйірмеге жазып жатады. Әр үйірмеде өрендер өз қабілетін дамытуға және мектепте алған білімін жетілдіруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, бұл үйірмелер болашақта мамандық таңдауда адаспауға көмектеседі. Сондықтан өскіндердің барлық үйірмеге деген қызығушылығы жоғары. Біз мүмкіндігінше балалардың қызығушылығын арттыруға күш салып, әрдайым дамыту жолдарын қарстырамыз. Алға қойған негізгі мақсатымыз – баланың дарынын арттырып, талантын ашу. Бүгінгі таңда, қаланың шалғай шағынаудандары мен тұрғын алаптарынан келіп, үйірмеге қатысатын балалар өте көп. Үйірмелерге 5 мыңға жуық бала келеді. Олардың көпшілігі гимнастика, би, таеквондо сияқты спорттық бағыттарға, одан кейін домбыра, вокал және робототехника, сурет үйірмелеріне жазылған. Қолөнермен айналысуға да қызығушылық жоғары. Атап өтерлігі, үйірмелер тегін. Балаларын үйірмеге тасып, олардың жан-жақты дамуына қолдау білдіріп жүрген ата-аналарды құрметтеймін. Оладың ұжымға деген ризашылығы зор. Бұл біздің мамандардың құлшыныспен жұмыс істеуіне шабыт береді. Жалпы біздің бағыт-бағдарымыз сыныптан тыс жұмыстардың күре тамыры десе болғандай. Орталықтың жылдық жоспары, алдына қойған мақсаты бар. Әрбір іс қызметкерлерімізден жауапкершілік пен тиянақты лықты қажет етеді. Өйткені, баланың дарынын ашу, оны өнерге жетелеу, үйрету үлкен күшті, қажыр-қайратты талап етеді. Ата-аналар да баласының бойынан талант ұшқынын байқап, соны әрі қарай дамыту үшін орталыққа әкеледі. Орталық мамандарына сенеді, – дейді Оқушылар сарайының басшысы Бақытжан Мұстафаев.
Оқушылар сарайында балалар қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, Шымкент қаласының абыройын асқақтатып келеді. Жыл сайын тәрбиеленушілер түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтар болсақ, 2022 жылы халықаралық «ITALIAN GRAND FESTIVAL» өнер байқау-фестивалінде «Айгөлек» би ансамблі гран при ұтып алған. Фунакоши каратэден Халықаралық Чемпионаттан жүлделі орындар алып, Германияның Дортмунд қаласында халықаралық «WORLD ROBOT OLYMPIAD – 2022» чемпионатында «RoboPark» үйірмесі «Robo-mission senior» категориясы бойынша II орынды иемденген.
ЮНЕСКО клубы көлемінде өткен «Мысықтар – менің сүйкімділерім» атты аймақтық сурет байқауында «Үйренейік өнерді» үйірмесі І орынды иеленсе, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің қалалық форумында І орын иеленіп, республикалық байқауға жолдама алған.
10 жасар шымкенттік Айшайым Қуандыққызы кішкентайынан осындағы үйірмелерге қатысып, шеберлігін шыңдаған ханшайым.
–Менің мақсатым –сапалы білім алып ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтау. Білім мен тәрбиені қатар беріп жатқан ұстаздарыма алғысым шексіз. Себебі олар біздің қабілетімізді танып, мектепішілік шаралармен шектеліп қалмай аудандық, облыстық, республикалық сайыстардан қалдырмайды. Ондай байқаулардан әрине біздің үйренеріміз көп. Мен білімімді үздіксіз жетілдіріп жүремін. Сондықтан сабақтан тыс уақытымда осы жерге келіп, сурет, тоқыма үйірмелеріне қатысамын. Ағылшын, математика пәндерінен де қосымша сабақтарға барамын. Бұл жердегі ұстаздарым қатты ұнайды, – дейді Айшайым. Әкесі Қуандық Шаймерденов те қызының ізденімпаздығы мен білімқұмарлығына осы үйірмелердің ықпалы зор екенін айтады. Ал бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «Арабеска» сурет студиясының шәкірті Дінмұхамед Оразалының осы орталыққа келіп, сурет өнеріне деген қызығушылығы оянып, қабілеті ашылған.
Білікті маман – қашанда сұранысқа ие. Бүгінде баланы жаңашылдықпен қызықтырмаса зейінін аудара алмайсың. Осындай ұстанымы бар мекеменің мамандары да үнемі ізденісте жүреді. Өрендерді шығармашылық тұрғыда шыңдап және әрі қарай дамыту мақсатында күнделікті әртүрлі тақырыпта танымдық, жыл бойы дәстүрлі, бәрінің көңілінен шығарлықтай мерекелер мен іс-шараларды ұйымдастырады. «Ашық есік күні», түрлі фестивальдер, мерекелік бағдарламалар және оқушылардың, педагогтар мен ата-аналардың қатысуымен басқа да іс-шаралар тұрақты өтеді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы –сарайдың шығармашылық ұжымдарының есеп беру концерті. Бұл іс-шаралардың барлығы әлеуметтік желілерінде жарияланып отырады.
Шымкент қалалық Оқушылар сарайының жұмысы жаз айларында қыза түседі. Алда оқушылардың жазғы демалыс уақыты жақындап қалды десек, мекеме өз жұмысын үш бағытта ұйымдастырады. Жазғы кезеңдегі үйірме, мекеме жанындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңы және қала сыртындағы «Ақсу» сауықтыру лагерінің жұмыстары. Жазғы кезеңдегі үйірмелер үш ай бойы тоқтамай, өз жұмысын жалғастырады. «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңы маусым айында жұмысы бастап, әр маусымда жалпы саны 100-150 бала қабылдаймыз деп жоспарлап отыр. Мекемеге қарасты қала сыртындағы «Ақсу» сауықтыру лагері маусым-шілде айында әр ауысымда 1200-1400 баланың демалысының сапалы өтуін қамтамасыз етеді.
Орталықта бүгінде балалар мен жастарды тәрбиелеу жүйесін жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізіліп келеді және оның ішінде тәрбие басым бағыт ретінде айқындалған. Оқушылар сарайы – жас жеткіншектер ордасы. Орталық жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейтіп, үйірме мүшелерінің азаматтық, патриоттық сезімін шыңдап, оларды мейірімділікке тәрбиелеп, бала бойындағы рухани құндылықтарды дамыту, азаматтық және көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Ерінбей еңбек еткеннің нәтижесінде осы үдеден шығып келеді. Сол себептен де қаладағы сұранысқа ие орталықтардың біріне айналып отыр.
Түйін.
Шымкентте жаңа оқу жылында 223 мектепке 242 525 бала барды. Ал 1 сыныпқа 28 мың оқушы қабылданып, былтырғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 3 мыңға көбейген. Сондықтан мегаполисте балаларды үйірмелер мен спорт секцияларымен қамту көрсеткіші жылдан-жылға артатыны анық. Осы мақсатта білім беру жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасы аясында биылғы жылдың мамыр айында жап-жаңа «Оқушылар сарайы» мен «Өнер мектебі» пайдалануға беріледі. Жаңа нысандар Шымкенттегі сегіз мың оқушыны қосымша біліммен тегін қамтиды деп жоспарланып отыр.
Шымқалада білім және өнер ордаларының санының көбеюі балалардың білімін қосымша жетілдіріп, оның дамуына, қоғаммен араласуына жол ашады. Ең бастысы, өз бетімен шешім қабылдап, өмірге оңай бейімделеді. Осы тұрғыдан келгенде бүгінде Оқушылар сарайы жасөспірімдерге оңтайлы болып тұр.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА