Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Bal Tekstil ЖШС кілем фабрикасының құрылғанына 10 жыл толуына орай отандық кілем форумы өтті. Отандық кілем өндірісінің дамуына арналған республикалық форумға 400-ден астам бизнес қауымдастық өкілі, кәсіпкерлер қатысты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тоқыма саласындағы көшбасшы компанияны мерейтойымен құттықтап, алдағы жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
– Бұл форум еліміздегі кілем өндірісінің дамуына ықпал етіп, жаңа серпін береді. Бүгінде Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласында 173 кәсіпорын жұмыс істесе, оның 45 пайызы тоқыма фабрикаларының үлесінде. Соңғы үш жылда тоқыма өндірісінде өндіріс көлемі 10 пайызға ұлғайып, инвестиция көлемі артты. Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА-та 35 жоба іске асырылуда. Bal Tekstil ЖШС жылдық өндірісті ұлғайтты. Жергілікті компанияның өнімдері алыс-жақын шетелге танымал. Осындай жетістікке жеткен компанияның ұжымына сәттілік, мол табыс, жаңа белестер тілеймін, – деді қала әкімі.
Еліміздегі бірегей кілем өндіруші фабриканың өнімдері экспортқа BAL CARPET брендімен шығып жатыр. Бұл компания 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Әу баста төрт-ақ станокпен жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде оның санын жиырмаға жеткізіп, бес жүз адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, тағы осынша адамды бизнес серіктес ретінде тартып, өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға жол ашқан. Әлемдегі ең үздік кілем өндірушілермен әріптестік қарым-қатынас орнатып, олардың озық тәжірибелерін өзімізде де қолдана бастаған. Осынау жетістіктерін екшеп, алдағы міндеттерін айқындап алуды көздеген серіктестік Шымкент қаласындағы Көрме орталығында өзінің он жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті.
Иә, кілем өндірісі бойынша көшбасшылық дәрежеге жеткен кәсіпорын отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, көлемін ұлғайтып, мәселелерін кеңінен талқылаған «OTANDYQ KILEM FORUMY» атты іс-шара ұйымдастырып, оған еліміздің әр түкпірінен сауда саласы мен тоқыма ісінің білгір мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Bal Tekstil-дің негізін салушы Талғат Ысқақов өнімдерді шығарумен қатар, нарыққа тарату, таныту да ауқымды жұмыс екенін атап өтті. 2014 жылы 4 станокпен басталған өндірісте қазір 20 тоқыма станогы жұмыс істеп тұр. Белгілі кәсіпкер азаматтарды жұмыспен қамту үшін отандық өндірісті дамыту керек екенін айтты.
Сондай-ақ, «OTANDYQ KILEM FORUMY» іс-шарасында отандық кілем өндірісіндегі мәселелелер, оның шешу жолдары талқыланды.