Естеріңізде болса, былтырғы жылы бәйдібектік шаруалар еліміз бойынша алғаш рет тәжірибе ретінде 300 га суармалы жерге майкене деп аталатын тропикалық дақыл еккен болатын. Бұл майлы дақылдан алынған өнімді өңдейтін кәсіпорын болмаған соң шаруашылық қожайындары оны Қытайға сатпақшы екен. Ол үшін өнімді экспортқа шығаруға арнайы лицензия алуға тиісті құжаттар рәсімделіп жатса керек. «Қыс бойы сақтаулы тұрған майкене сыртқы қабығы ажырап, өңдеуге, тасымалдауға дайын тұр»,- дейді өнім иесі. Ауданға қарасты кейбір агроқұрылымдар болса майкененің қабығын құнары кеткен жерлерін тыңайтып, қоректендіру үшін сатып алыпты. Шаруалар майкенені биыл да екпекші. Мол өнім алып жатсақ, біраз табыс тауып қалар едік дейді олар. Соңғы жылдары Үкіметі ауылшаруашылығын қолдауды, шаруаларға қандай да болсын жәрдем көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Стратегиялық маңызы бар салаға жыл сайын қомақты қаржы құйып отыр. Бәйдібектіктер осындай көмектің арқасында шаруаларын біршама жолға қойып алыпты. Әсіресе мемлекет тарапынан берілетін субсидия ауылдағы ағайынға үлкен көмек. Дегенмен мал басының артуына байланысты жыл сайын мал азықтық дақылдарға деген қажеттілік туындауда. Сондықтан да болар, осы мәселеге мән беріліп, Оңтүстік Қазақстан обылсында дәндік жүгері және көпжылдық өсімдік егетіндерге берілетін субсидия көлемі арта түскен. Шаруалар бұл жаңалықты қуанышпен қабыл алып, осы дақылдарды егуге ерекше көңіл бөле бастапты. Бәйдібектік шаруалар мал басын, соның ішінде асыл тұқымды мал санын арттыруды да ептеп жолға қойып келеді. Үстіміздегі жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға қарасты Ақбастау ауыл округінде тұратын жеке кәсіпкерлер Қайрат Жақыпов пен Ғалымжан Омарбеков, сондай-ақ, «Ержан», «Шоңай» шаруа қожалықтары қарқынды жұмыс істеп жатыр екен. Олардың қолында бүгінде 600 бас сиыр мен 20 бас асыл тұқымды бұқа бар көрінеді. 600 сиырдың 305-і мен 13 бұқа бағдарлама бойынша несиеге алынса қалғанын кәсіпкерлер өз ақшасына сатып алыпты. Ал енді биылғы жылы Бәйдібек ауданының ауылшаруашылығы саласының басшылары 1100 бас ірі қара малдың аналық басы мен 37 бас етті асыл тұқымды бұқалар сатып аламыз дейді. Мұнымен қоса басқа да азаматтар несие алуға өтініш білдіріпті. Осылайша ауданда ірі қараның саны артып, тұқымы жыл өткен сайын асылдана түсері сөзсіз деп пайымдаймыз.
Медиаон ақпарат