Халық пен ел тарихындағы құнды жазба деректерді жинастырып, оны сақтау ісіне әуелгі замандардан бері мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Қазір де архивтерде мәңгілікке сақталатын тарихи деректер – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, саяси-идеологиялық қатынастары туралы құжаттар ұлттық байлықтың бір бөлігі ретінде қорғалады.
Қазақстанның мемлекеттік архивтері де ел тарихының елеулі кезеңдеріне, тарих пен мәдениеттің деректі ескерткіштеріне, сондай-ақ белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлер жинақтап отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Тарих – деректілік пен нақтылықты, адалдық пен әділдікті ғана таниды, мойындайды. Мұндай нақтылық, деректілік пен әділдіктің қайнар көзі архив қорларында» деп атап өтіп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Осы тұста архивтің атқарар рөлі орасан. Себебі, ұлтымыздың тарлан тарихы, жүріп өткен жолы, бастан кешірген оқиғалары өскелең ұрпақ үшін қорда сақтаулы тұр.
Биыл осындай еліміз үшін аса маңызды тарихи деректер қазынасы Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құрылғанына 30 жыл толды. Тарихы 1992 жылдың 26 қазанында жеке құрам бойынша құжаттарды сақтайтын «Шымкент қаласының мемлекеттік архиві» болып басталған бұл мекеме бүгінде еліміздегі беделді мекемелердің біріне айналып отыр. Алғашында жұмысын 4 қызметкермен бастаған, қазіргі таңда Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелердің бірі болып табылады. Бүгінде Айпар Шажалықызы басқаратын бұл мекемеде 4 бөлімді құрайтын 41 қызметкер жұмыс жасайды. Мекеме қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын қабылдау, тұрақты сақтау мен пайдаланушылардың мүдделеріне сай пайдалануды жүзеге асыру. Сондай-ақ, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жылына 7-8 мыңға жуық азаматтардың өтінішін дер кезінде қабылданып, мерзімінде сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №953 қаулысымен бекітілген республикалық «Архив-2025» кешенді жоспары бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде құжаттарды сандық таңбаға көшіру мақсатында заманауи техникалармен жабдықталып, нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Шымкент қалалық мемлекеттік архиві – мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін баға жетпес маңызды мұра болып табылатын, сан қилы кезеңдерде еліміз бастан кешкен оқиғаларға, қала тарихына қатысты құжаттарды көзіміздің қарашығындай қастерлеп сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан қазыналы мекеме. Осы орайда мекеменің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен күннен мағлұмат беріп, тарихы сырларын қойнауында сақтап отырған мекеме ұжымының еліміздің келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!
А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Түркістан облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы