Әскери қызмет – кез келген жігіттің өмір мектебінен өтетін бір кезеңі. Отанды, елді қорғау жолында атқаратын әскери қызмет – әр азаматтың қасиетті борышы. Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері қатарына қосылған сарбаздар, міне, бір жылда әскери міндетті аяқтап, Отанына, отбасына оралғалы жатыр. Еліміздің әр өңірінен жиналған жастарды әскери қызмет бір ортаға біріктірді. Санаулы күннен соң туған жеріне аттанғалы тұрған жауынгерлердің әскери қызметтен алған сезімдерін, тәжірибелерін, ойларын бөлісуді жөн санап, әңгімеге тартқан болатынбыз.

esker

 

Қатардағы жауынгер Өмірғали Медеу Ерланұлы:

Өмірғали

– Мен әскер қатарына Алматы облысынан шақырылғанмын. 9 сыныпты аяқтаған соң автокөлікке техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша орта арнаулы білім алдым. Дипломымды алған соң, қызметке орналасам деп жүргенде әскерге шақыру қағазы келді. Қорғаныс істері жөніндегі арнайы бөлімге келіп, барлық тексеруден өттім, 1-2 күнде Шымкент қаласындағы Ұлттық ұлан қатарына мерзімдік қызметке баратынымды айтты. Бірден тез осылай шешіліп кетеді деп ойламадым. Әскерге ағаларым, достарым барып келген. Олардың әңгімелерінен армия жайында азды-көпті естігенім болатын. Басында қорқыныш та, қобалжу да болды, оны жасырмаймын. Алайда әскерге келген соң бәрі жайына түсті. Оқу пунктінен бастап командирлер, сержанттар бізбен етене жұмыс істеді. Содан болар, әскери өмірге бейімделу қиынға соқпады. Әрине бірден жақындарыңнан жырақтағанда сағыныш сияқты сезімдер болды. Дегенмен, күн өте келе үйрендік. Біздің бос уақытымыз болмады. Барлық күн тәртібіміз санаулы. Осылайша бір жыл өте шықты. Ұлан қатарындағы әскери қызмет маған көп нәрсені үйретті. Төзімділікті үйретті, бар-жоқтың қадірін түсіндік, бастысы, Отанға, елге, жерге деген шынайы сезімді жан-тәніммен түсіндім. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа қызығушылығым артты. Алдағы мақсатым – дене дайындығы және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алып, қызметке орналасу, орайы түсіп жатса әскери қызметімді жалғастыруым да мүмкін.
Мен бір жылдық әскери қызметімде жақын ағамдай қамқор болған бөлімше командирі, кіші сержант Абзал Аманқұловқа, рота командирінің орынбасары, аға лейтенант Ораз Орынбасаровқа және 6506 әскери бөлімінің барлық ұжымына үлкен алғысымды айтқым келеді. Әскердегі күндерім мен үшін ұмытылмас естеліктер болып қалады.

Қатардағы жауынгер Шайділда Ерболат Ерланұлы:

Шайділдә

– Мен 6506 әскери бөлімінің автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонында сарбаз-атқыш болып қызмет атқардым. Өзім Тараз қаласынан Ұлттық ұлан қатарына алындым. Біздің отбасымызда атам, әкем, ағам әртүрлі күштік құрылымдарда офицерлер болып қызмет атқарады. Атам аудандық ішкі істер басқармасының бастығы болса, әкем – әскери полиция офицері, ал ағам шекара қызметінде жұмыс істейді. Сол үшін маған әскери қызмет жаңалық болған жоқ. Бала кезден әскери форма, әскери тәртіппен өстік десем де болады. «Отан қорғау – парызың» деп атам үнемі айтып отыратын. Содан 11 сыныпты аяқтаған соң әскерге келдім. Атамның, әкемнің әскери қатал тәрбиесінің әсерінен әскери қызметке тез үйреніп кеттім, үлгілі болуға, жақсы қызмет атқаруға тырыстым. Ең басты жауынгерлік қызметіміз – күнделікті Шымкент қаласындағы қоғамдық тыныштықты күзету. Міне, 1 жылдық қызметім аяқталғалы жатыр. Өкініштісі, мен әскерде кезде әкем өмірден озды, менің жауынгер болып оралғанымды көре алмады, амал қанша…
Ұлттық ұландағы әскери қызметте жүргенде мен үшін ең үлкен жетістік – адал достар таптым, бәріміз бір ортада барлық қиындықты бірге еңсеріп, бірге қызмет атқардық, шын достың қадірін түсіндім. Енді әкемнің аманатын орындауға жолдама – әскери билет аламын, ары қарай әскери қызметті жалғастырамын.
Мені әскери қызметтің барлық түріне баулып, үнемі қолдау көрсеткен автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонның офицерлері мен сержанттар құрамына алғысымды шын жүректен жеткізгім келеді.

Ефрейтор Әбдіқадыр Дастан Қуатұлы:

Әбдіқадыр

– Мен Ұлттық ұлан қатарына Талдықорған қаласынан шақырылдым. 1 жыл көлемінде жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында қозғалысты реттеуші болып және коменданттық қызметте істедім. Біздің қызметіміз өткен «Қаратау» таулы аймағында бір жылдың ішінде оннан аса жауынгерлік қызмет атқардым. Онда арнайы жасақтың офицерлері мен мамандары күнделікті шеберліктерін шыңдайды. Әртүрлі мемлекеттерден әскери делегациялар келеді. Ол жерде жүріп, көптеген қару-жарақ түрлерімен таныстық.
Әскерде мен өзімнің дене дайындығымды жоғарылаттым. Мұнда күнделікті ерте тұрып, спортпен айналысып, режиммен тамақ ішіп, денсаулығымды түзедім. Көпшілікпен араласып, мінезім ашылды. Бір үйдің баласындай бірге жүрген қарулас достарымды сағынатын боламын. Олармен бірге әскерде талай қызықты күндерім өтті. Мен әскери қызметімді еш ұмытпаймын, Ұлттық ұлан жауынгерлері жасасын!

Қатардағы жауынгер Даутов Тахмидин Шамшидинұлы:

Қатардағы жауынгер Даутов

– Алматы облысы Талғар ауданынан әскерге келдім. БТР-дағы жедел мақсаттағы батальонында БТР-дің маман-жүргізушісі болып қызмет атқардым. Өзім техникаға жақын болғандықтан, бронды техниканың маманы болу маған қызық көрінді. Оқу пункті аяқталысымен бронды техниканың дәлдеуші маманы болып Қаракемер кентінде оқып келдім. Бір жылдық қызметім көзді-ашып-жұмғанша аяқталып жатыр. Әскер – өзіңнің қаншалықты күштілігіңді, төзімділігіңді сынап көретін орта. Бір жылда өзіме мол пайдалы білімнен бастап, тәлім-тәрбие, сыйластық, әскери достық таптым. Әсіресе, бронды техниканың механик-жүргізушісі, Қарағанды қаласынан шақырылған қатардағы Әлішер Айтмұханбетовпен өте жақын дос болып кеттік, қазіргі таңда біздің ата-аналарымыз танысып, туысқандай араласады. Алдағы уақытта да достығымыз үзілмейді деп сенемін.
Ұлттық ұланнан үйренгенім өте көп. Әскерде қызмет етпесем де күштік құрылымдарда қызметімді жалғастырамын деп шештім, оған Ұландағы әскери қызметім әсер етті. Еліміздің ішкі бірлігі, ішкі тыныштығы үшін Ұлттық ұлан жауынгерлерінің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің үлесі өте зор. Мен де қатардан қалмаймын. Ұландықтармен біргемін, сіздерге мың алғыс!

Қатардағы жауынгер Маленко Сергей Александрович:

Маленко

– Әскер қатарына мен Алматы облысы Қапшағай қаласынан шақырылдым. Ұлттық ұландағы бір жылдық қызметімде мерген-маман болып қызмет атқардым. Әскерге бейімдеу, алғашқы дайындықтан өткізу үшін жасақталатын оқу пункті бізге көп көмегін тигізді. Алғашқы ату жаттығуын орындау кезіндегі 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары полковник Амир Мансуровтың өте сауатты алғашқы нұсқауынан кейін ата алмау мүмкін емес еді. Алғаш роталарға бөлінгенде әскерге бізден 6 ай ерте келген жауынгерлік қызметті командирлерімізбен бірдей үйретті. Шымкент қаласы бойынша жауынгерлік қызмет атқарып жүрген кезімізде қарапайым тұрғындарға көмектесіп, алғыс алған күндеріміз де болды.
Мен қарапайым өмірде тұйықтау болдым, ал әскерде бір ортада сарбаздармен араласып, көңіл күйім жақсы болды. Ұлттық ұланда әскери қызмет атқарғанымды мақтан етемін және бұл жерден әдемі естеліктер алып кетемін. Өзімнен кейінгі бауырларыма да бір жыл бос уақыт өткізу емес, керісінше, алдағы өміріңе қажет мол тәлім мен тәжірибе алып кетесің деп айтқым келеді. Менде болған жақсы күндер сіздерге де бұйырсын дегім келеді. Ұлттық ұлан 6506 әскери бөліміне мың алғыс!

Сұхбатты жүргізген – Малика ШЫНЖІГІТОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.