Шымкент қалалық опера және балет театры XVII маусымның шымылдығын Т.Жармұқаметтің
«Домалақ ана» операсымен ашты.
«Домалақ ана» – алғаш рет 2021 жылы 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында көпшілікке жол тартқан еді. Көрерменнің көңілінен шыққан опера, бүгінде еліміздің көптеген қалаларында сахналанған. Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, идея авторы Майра Мұхамедқызы әр жаңа маусымның шымылдығын дәл осы «Домалақ ана» операсымен ашуды дәстүрге айналдырдық дейді.
— Жаңа маусымда жаңалық көп. Соның бірі әлемдік үздік 10 операның алды болған Пушинидің «Мадам баттерфляй» операсын көрерменге ұсынбақпыз. Қазір театр әртістері дайындық үстінде. Жоспар бойынша премьера желтоқсан айының 13-15 аралығында сахналанбақ. Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбековтың және Мәдениет басқармасының қолдауымен театрымызға жас буындар келіп, ортамыз кеңейіп жатыр. Мәдениетке деген көзқарастың түбегейлі өзгеріп, жан-жақты қолдаудың болуы бізді қуантады. Өркенниеттің дамуы мәдениетпен ұштасуы тиіс,-дейді Майра Мұхамедқызы.
Қойылым екі актілі, 160 әртіс рөл сомдайды. Операның композиторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров. Идея авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы. Қоюшы-режиссер – ресейлік «Үлкен театр» режиссерлік тобының меңгерушісі, Ресей және әлем опера театрларының опера қоюшысы Михаил Панджавидзе.
Жалпы, қазақ тарихындағы аты аңызға айналған әйелдердің ішінде қасиетті «Домалақ ана» туралы оқиға тарихи шындығымен дараланып тұратын шығарма. Қазақ халқының өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізген.