Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап, еңбек заңнамасын жетілдіру, әлеуметтік қорғау мен лайықты еңбекті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Ж. Унгбо Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы туралы, оның ішінде Қазақстанда әділ қоғам құруға бағытталған адам құқықтарын қорғау саласындағы терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен кешенді шаралар туралы ақпаратты жоғары бағалады.
Осы орайда ХЕҰ басшысы теңсіздікке жол бермеу және әлемдік саясатта әлеуметтік әділеттілік мәселелерін алдыңғы қатарға шығару мақсатында Ұйым алға жылжытып отырған Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалицияға Қазақстанның қосылуы үшін алғысын білдірді.
Министр Қазақстанның ХЕҰ ратификацияланған конвенцияларына сәйкес міндеттемелерін орындауға және Ұйымның ұсынымдарына сәйкес ұлттық еңбек заңнаманы жетілдіруге бейілділігін растады. Бұған қоса Қазақстан Үкіметінің, кәсіподақ ұйымдарының және жұмыс берушілердің трипартизм мен әлеуметтік диалог негізінде өзара іс-қимылының маңыздылығы да ерекше аталып өтті.
Сұхбаттастар Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы Лайықты еңбек бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты жаңғыртуға мүдделілік танытып, Ұйым қызметкерлері арасында қазақстандық азаматтардың өкілдігін арттыру перспективаларын талқылады.