Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Белград қаласына жұмыс сапары аясында Сербия Үкіметі мен Парламентінің ресми тұлғаларымен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия (ҮАК) отырысының жұмысына қатысты.
Сербияның Сыртқы істер министрі Марко Джуричпен кездесу барысында екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары динамикасы мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы үлкен әлеуеттің болуы аталып өтті.
Елдер арасындағы қарым-қатынастардың «үлгілі» сипатын және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен СР Президенті Александр Вучичтің тұрақты сенімді және мазмұнды диалогын атап өтіп, сұхбаттастар олардың жаңа кездесулері мен сапарларымен алмасу жақын болашақта ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Тараптар сол күні ұйымдастырылған Қазақстан-Сербия ҮАК 3-ші отырысының сәтті өтуінің маңыздылығын атап өтті.
Үкімет делегацияларының кездесуі екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ықпал ететінін аталып өтті. Сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық және өзара қолдау мәселелері талқыланды.
Сербия Парламентінің Вице-спикері – Халықаралық мәселелер жөніндегі комитет төрайымы Марина Рагушпен кездесу барысында қазақстандық дипломат Президент Қ. Тоқаевтың 2 қыркүйектегі жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер туралы хабардар етті.