«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС мемлекет меншігіне өтуіне қарсымыз» тақырыбында жарияланған петиция бойынша жария талқылау өтті. Бүгінгі ашық талқылауға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қоғам белсенділері, халық қалаулылары, тұрғындар және «Су ресурстары маркетинг» ЖШС мекемесінің ұжымы қатысты.
Қала әкімдігі бұл стратегиялық нысанды коммуналдық меншікке қайтару арқылы қызмет сапасын жақсарту және тарифтерді төмендетуді мақсат етіп отыр.
Сәрсен Абайұлы ашық талқылау жиынында қала әкімдігінің, коммуналдық саладағы жалпы мемлекеттік саясаттың бағытын көпшілікке түсіндіріп берді.
– Біздің ұстанымымыз – кез келген стратегиялық нысан, кез келген табиғи монополия субьектісі, оның ішінде негізгі су ресурстары мемлекет меншігінде болуы керек. Сондай-ақ, түбінде бәрі де мемлекет меншігіне өтеді. Су ресурстары стратегиялық маңызды нысан болғандықтан, қала тұрғындары да мұны дұрыс түсінеді деп ойлаймын, – деді қала әкімінің орынбасары.
Ашық талқылау жиынында петиция авторы Бегімқұл Төлентаев, мекеме басшысы Анарбек Орман жарыссөзге шығып, өз ұстанымдарын айтты. Жалпы айтқанда, жиын ашық талқылауға ұласты.
Жарыссөзге шыққан тұрғындардың бірі стратегиялық нысан мемлекет меншігінде болуы тиіс десе, қарсы тарап өкілдері де өздерінің уәждерін жеткізді.