Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан, қала әкімдері мен кәсіпкерлер көршілес елдердің кәсіпорындарын аралап, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, ол кездесулер жемісін беруде. Ордабасы ауданында бой көтеретін зауытта Қытай елінің тәжірибесі мен жоғары технологиясы қолданылады. Облыс әкімі жобаны уақтылы жүзеге асыру керектігін айтты.
– Шетелдің озық технологияларын меңгеріп, батыл шешімдер қабылдау керек. Бұл зауыттың жоспарланған мерзімде ашылуы қадағаланады. Жұмыс істеймін, халықты жұмыспен қамтимын дейтін инвесторлар мен кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетіледі, – деген Дархан Сатыбалды жаңа зауыттың уақыт капсуласын салу рәсіміне қатысты.
«Altyn land» ЖШС-нің директоры Береке Дүйсебеков жобаға қолдау көрсеткен облыс, аудан басшылығына алғысын білдірді. Оның айтуынша, қыш зауытында заманауи технологиялр қолданылады. Жобаның жалпы құны – 5 млрд. теңге, кәсіпкердің жеке қаржысы және несие арқылы жүзеге асырылады. Аталған зауытта жылына 90 млн. дана кірпіш, күніне 250 мың дана кірпіш шығарылады деп жоспарланып отыр. Осы арқылы жергілікті нарықта импортты азайтып, отандық өнім көлемін арттыру көзделген. Қазақстанда теңдесі жоқ зауытта жергілікті 70 тұрғын жұмыспен қамтылады. Бүгінде жобаның ЖСҚ-сы әзірленуде, ҚХР-дан құрал-жабдықты жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылып, жер тегістеу, іргетасын құю жұмыстары жүріп жатыр.