Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Луис Франсиско Мартинесті қабылдады.

Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ алдағы сапарлар кестесін талқылады.

Р. Василенко екіжақты келісімдерді, соның ішінде осы күндері Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы аясында екі елдің сыртқы істер ведомстволары басшыларының келіссөздері нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Сұхбат барысында энергетика, азаматтық авиация, туризм, білім, сауда және инвестиция салаларындағы белсенді ынтымақтастықты ілгерілету маңыздылығы аталып өтті.

Қазақстандағы «Inditex», «Maxam», «Glovo» және «Talgo» сияқты испан компанияларының сәтті тәжірибесі ерекше аталып өтті. «Tecnicas Reunidas» (Испания) және «Sinopec» (ҚХР) бірлескен кәсіпорнының «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тапсырысы бойынша Атырау облысында полиэтилен өндіретін интеграцияланған газ-химиялық кешен құрылысына үлкен үміт артылуда.

Анықтама: Испания Қазақстанның ЕО-дағы маңызды экономикалық серіктесі болып саналады. Қазақстанның статистикасы бойынша, 2023 жылғы қорытындыда екіжақты тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 1,5 млрд, импорт – 500 млн). Ал 2024 жылғы қаңтар–шілде аралығында тауар айналымы 1,1 млрд АҚШ долл. болды (экспорт – 791,2 млн, импорт – 347,8 млн). 2005 жылдан бастап Испаниядан Қазақстанға құйылған инвестициялар көлемі 360 млн АҚШ долл. құрады. Қазақстанда испан капиталының қатысуымен 67 заңды тұлға тіркелген.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *