Елбасының «7-20-25» бағдарламасы аясында облыста алғашқы көпқабатты тұрғын үй Түркістан қаласында бой көтерді. Бұл туралы бүгін облыстық құрылыс басқармасының басшысы мәлімдеді. Айтуынша, қазір болашақ құрылыс нысандарын салу үшін конкурстар жарияланған. Түркістан қаласында құрылыс қыз-қыз қайнайын деп тұр. Шаһардың бас жоспарына қазір халықаралық конкурс жарияланған. Биыл бұйыртса, әкімшіліктің зәулім ғимараты бой көтере бастайды. Басқармалар мен аумақтық департаменттер жайғастырылатын ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға да конкурс жарияланыпты. Сала басшысы биыл салынатын 20 үйдің мердігері анықталып, жуырда құрылыс жұмыстары басталады деп отыр. Жамашев мырза облыста қолға алынып отырған құрылыс нысандарын түгелдеп шықты. Айтуынша, 172 нысанның жыл соңына дейін 71-ін пайдалануға тапсыру жоспарда болса, бүгінгі таңда 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазір 149 мың шаршы метрден асатын 2 жарым мыңға жуық пәтер құрылысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 35 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сала басшысы құрылыс сапасының жіті қадағаланатынына сендірді. Ал салғырттық танытатын мердігерлер мемлекеттік сатып алу конкурстарынан шеттетіледі. Биыл нысанды дер кезінде тапсырмаған бір құрылыс компаниясының ісі сотқа өтіпті.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.