Күні кеше Мемлекет басшысы баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу үшін «7-20-25» және «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін дағдарысқа қарсы қаражат аясында 390 миллиард теңге бөлінбек. «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ қарамағында құрылатын «Отбасы банкі» аталған ипотекалық бағдарламаны қаржыландыруға мұрындық болады. Бұған дейін еліміздегі ипотекалық бағдарламалардың тарихындағы ең тиімдісі – «7-20-25» бағдарламасы болатын. Ал жаңа «5-10-20» бағдарламасы ең төменгі 5 пайыздық мөлшерлемемен 10 пайыздық бастапқы жарна төлеу арқылы 20 жылға берілетін ең тиімді ұсыныс болайын деп тұр.
Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пəтер нарыққа шығарылмақ. Осы орайда баспаналы болуға ниетті азаматтар тиімді ипотекалық бағдарламаларды қалт жібермей қадағалайтыны анық. Елімізде баспананы ипотекалық несие арықылы беретін бағдарламалардың ішінде ең төменгі 5 пайызбен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі беріп келді. Бірақ банктің шарты бойынша үш жыл көлемінде алатын үйіңіздің 50 пайызын яғни жарты ақшасын жинап үлгеруіңіз керек. Мысалы, құны 10 млн теңгені құрайтын үйдің 5 млн теңгесін 3 жыл көлемінде аталған банктің дипозитінде жинауға тиіссіз. Осы жағдайда ғана банк сізге 5 пайызбен несие береді.
Медиаон ақпарат