25 мамыр – оқу жылының аяқталған күні. Осыған орай барлық мектепте соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы өтуде.
Шымкенттегі Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп-лицейде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева, ата-аналар комитеті мен қамқоршылар кеңесінің төрағалары, ата-аналар, оқушылар қатысты. Мектеп түлектері салтанатпен ортаға шығып, өз орындарына жайғасты. Шыңғыс Жұмабекұлы көпшілікті мерекемен құттықтады.
– 11 жыл білім алып, мектепті аяқтап шығу – ең жауапты сәттің бірі. Бұл – ересек өмірге басатын алғашқы қадам. Ендігі қадамдар үлкен жауапкершілікке толы болады. Сол жолда сіздерге кездескен барлық кедергіні еңсеріп, елімізге табыс әкелетін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Ақ жол! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Мектеп директоры Анар Аманқұлова да құттықтау сөз алып, оқушыларының жетістігін тілге тиек етті. Биыл мектепті 251 түлек тәмамдағалы отыр. 12 оқушы – Алтын белгі, ал 10 түлек ерекше үлгідегі аттестат алудан үміткер саналады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылын 11 189 түлек аяқтайды.
«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев
Фото – Серік Қосаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.