Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шымкентке жұмыс сапарымен келіп, үшінші мегаполистегі кәсіпорындарды аралады, кәсіпкерлермен жүздесті.
Вице-премьер жергілікті іскер азаматтардың кәсібі өзін таң қалдырғанын жасырған жоқ. Дегенмен, кәсіпкерлер және жауапты мамандармен кездесу барысында қаладағы бизнес өкілдерін мазалайтын мәселелер де ашық айтылды. Оның барлығына Үкімет басшысының орынбасары жауап беріп, кейбір ауқымды тұстарды Астанада, тиісті мемлекеттік органдармен бірге талқылайтынын айтты. Нақты айтқанда, вице-премьермен кездесуде «Бал Текстиль» ЖШС бас директоры Талғат Исхақов отандық өнімдерді шетелдік дайын өнімдерден қорғау мәселесін көтерді. Осы тұрғыда Талғат Жүнісбекұлымен аз-кем сұхбат өрбіткен едік.

36

 

– Талғат Жүнісбекұлы, алдымен өзіңіз басқаратын кілем фабрикасының жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– «Бал Текстиль» фабрикасы 2013 жылы іске қосылып, содан бері кілем және кілем өнімдерін шығарып келе жатырмыз. Алғашқы кезде өндірісті 1 млрд теңге инвестициямен, 4 тоқыма станогымен бастаған едік. Бүгінгі таңда фабрикамызда 15 тоқыма станогы толық жұмыс істеп тұр. Жалпы инвестиция көлемі 13 млрд теңгеге жетті.

– Кілем өндірісі жоспарға сай жүріп жатыр ма?

– Иә, солай деп айтуға болады.
О баста жалпы жұмыс жоспарымызды 4 кезеңге бөлген едік. Бастапқы үш кезеңде сәтті атқарып, міне, бүгінгі таңда 4-кезеңді аяқтап жатырмыз. Жалпы, фабрикамызда жыл сайын 5 млн шаршы метр кілем шығарылады.

– Олар қандай кілемдер?

– Алғашқы кезде сапа жағынан да, бағасы жағынан да орта стандартқа сай кілемдер шығарсақ, биылдан бастап премиум, люкс класты кілемдер тоқылуда. Яғни, сапасы да анағұрлым жоғары, бағасы да тиісінше қолжетімді. Айта кету керек, фабрикамыздың барлық өнімі сұранысқа сай шығарылып келеді.

– Осындай ірі өндірістерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні белгілі…

– Иә, өндірісімізге мемлекет тарапынан қомақты қолдау бар. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, өндірісті жүзеге асырып жатырмыз. Бұдан басқа да үлкен жеңілдіктер бар. Мысалы, фабрикамыз
Шымкент маңындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Мұнда біз сияқты кәсіпорындарға жер телімі тегін берілген, оған орталықтандырылған су құбыры, электр жарығы, табиғи газ бен кәріз секілді инфрақұрылым мемлекет тарапынан жеткізілген. Олардың төлемдері де қаладағы басқа абоненттерге қарағанда арзанырақ. Оған қоса мұндағы кәсіпкерлерге салық түрлерінен жеңілдік бар. Осы тұрғыда біз – кәсіпкерлер де әлеуметтік жауапкершілікті толық атқаруға тырысамыз. Мысалы, фабрикамызда қазіргі таңда 400-ден аса жұмысшы істейді. Оларды Шымкент және Леңгір қалаларынан арнайы көлік бөліп, тегін тасымалдаймыз, 3 мезгіл тегін тамақ қарастырылған. Біздегі жұмысшылардың орташа айлығы 250 мың теңге шамасында, ол жалақы ай сайын, уақтылы беріледі. Еңбеккерлер барлық әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың арасында тұрмысы төмен, көп балалы азаматтарға әрдайым қолдан келген көмекті береміз. Компаниямыз тұрақты дамып келеді. Бір ғана 2021 жылы кәсіпорнымыз мемлекетке 1 млрд теңгеге жуық салық төледі.

– Талғат Жүнісбекұлы, өткенде Премьер-Министрдің орынбасарының шымкенттік кәсіпкерлермен кездесуінде сіз көтерген мәселеге кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Бізде, жоғарыда айтқанымдай, кәсіп бастаған азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай болсын, субсидия болсын, басқа да қолдаулар өте жақсы. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған соң, нарығымыз айқара ашық тұрғандықтан, бұл көмек түрлерінің тиімділігі төмен болып отыр. Менің ойымша, жетіспей жатқаны – ішкі нарықты шетелдік дайын өнімдерден қорғау. Ол тек кілемге қатысты емес, барлық саладағы өзекті мәселе. Бізде не шығады – жиһаз, аяқ киім, құрылыс, шұлық, сондай дайын өнімдер шетелден келсе, олардан қорғау керек. Сонда ғана отандық өндіріс дамиды деп санаймыз. Әрине, біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, бұл мәселенің шешімі күрделі екенін түсінеміз. Мысалы, өзім айналысатын салаға қатысты айтсам – елімізге шетелден дайын өнімдер, Түркиядан, Өзбекстаннан, жалпы Еуропа елдері мен Ираннан кілемдер көптеп келуде. Шекарадан Еуразиялық экономикалық одақ аумағына, оның ішінде біздің елге өтерде сол шетелдік өнімдерге салынатын кедендік баж салығы өте төмен. Мысалы, кілемдердің түріне қарамастан, 1 шаршы метріне небәрі 0,25 евро көлемінде баж төлеп, әкеле беруге болады. Ал салыстыру үшін айтсақ, көрші Өзбекстанда сырттан келетін дайын кілем өнімдеріне кедендік баж салығы – 70 пайызға дейін. Біз экспорт жасайтын болсақ, өнімдерімізді олар кеденде шартты бағасы 12 доллардан қабылдайды. Мысалы, 4 долларлық, 5-6 долларлық кілем сататын болсақ та автоматты түрде Өзбекстанға барғанда 12 доллардан есептеп, содан қосымша құн салығын алады. Ал ол мемлекеттен дайын кілем өнімдері Қазақстанға импортталғанда ешқандай кедергісіз келеді, тек қосымша құн салығы төленеді. Сол сияқты кілемдерімізді
Түркияға экспорттасақ, жалпы құнының 30 пайызына дейін акциз төлеу қажет. Осылайша бұл елдер өздерінің ішкі нарығын қорғап отыр.

35

Қазақстанда екі кілем фабрикасы болса, екеуі де Шымкентте орналасқан. Біздің есебіміз бойынша, қос фабриканың өндіріс көлемі Қазақстандағы кілем нарығының кемінде 30-40 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, біз Еуразиялық одақ елдерінің кілем өндірушілерінің барлығымен дерлік тығыз байланыстамыз. Олар да бұл ұсынысты қызу қолдап отыр. Себебі, олар өз елдеріндегі кілем қажеттілігінің кем дегенде жартысын қамтамасыз етеді.

– Сіздің пікіріңізше, ішкі нарықты қолдау үшін қандай шараларды қолға алу керек? Ол ұсыныстарды вице-премьер Серік Жұманғаринге жеткізе алдыңыздар ма?

– Үкімет басшысының орынбасарымен болған кездесуде көкейдегі мәселені ортаға салдық. Ішкі нарықты сырттан келетін дайын өнімдерден қорғау мәселесі тек кілем өндірісіне емес, бірқатар салаға қатысты болып отыр. Ойымызды жеткізе алдық. Біздің ұсынысымыз – шетелдік дайын өнімдерге салынатын кедендік баж салығын көбейту. Немесе басқа да қадамдармен отандық өндірісті қолдау керек. Мысалы, көрші елдермен сауда-саттығымыз да тең болуы керек. Олар біздің дайын өнімдерге сондай шарттар қойса, бізде сол жақтан келетін дайын өнімдерді кіргізгенде сол шарттарды қайталау әдісін қолдану керек деп санаймыз. Яғни, мысалы, кілем өнімдерінің келісін 12 доллардан қабылдап, содан қосымша құн салығын алуымыз керек. Осы шарттар ғана біздің отандық өндірісті ары қарай дамытуға үлкен септігін тигізеді деп санаймыз. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен кездесуде отандық нарықты қорғау жөніндегі осы ұсыныстарымызды айттық. Министр барлық мәселені тыңдап, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

– Экспорт дегеннен шығады, қазіргі таңда шымкенттік кілемдер тағы қандай елдерде сатылуда?

– Жалпы, біздің «Бал Текстиль» фабрикасы өнімдерінің 20 пайызы экспортқа шығарылуда. Олар: Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері. Болашақта Қытай, Америка құрлығы, Еуропа нарығына енуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта жұмысты жандандыру мақсатында биыл жаңа екі қондырғы алдық. Олардың бағасы 2 млрд 200 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта, нақты айтқанда 2023 жылы қосымша жіп шығаратын және қосымша кілем шығаратын қондырғыларды алуды жоспарлап отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – халыққа қолжетімді, сәні заман талабына сай кілемдерді ұсынуды одан әрі жалғастыра береміз. Болашақта кілем коллекциясын да арттырамыз.

– «Бал текстиль» кілемдерінің ерекшелігі неде?

– Ең алдымен, кілем тоқуға қажет жіп өзіміздің фабрикада шығарылады. Кілем өндірісінде қолданылатын полипропилен жібі газ-химиялық өндірістен жасалады. Ол синтетикалық талшықтың сапасы жақсы, қолдану мерзімі ұзаққа жетеді. Тозбайды, төзімді. Ал денсаулыққа зияны жоқ, аллергия туғызбайды. Кілемге қажет шикізат өзімізден шығатындықтан, кілем өнімдері халыққа өте қолжетімді деп айта аламыз. Бұған қоса назар аударатын жайт – біздің кілем өндірісі жолға қойылғалы бері нарығымызда кілем бағасы 50 пайызға төмендеді. Себебі, отандық өндіріспен бірге бәселекестік артты.
Жалпы, «Бал-текстиль» кілемдерінің сапасы өте жоғары, ең бастысы – шетелдік кілемдерден айырмашылығы жоқ. Шетелден, Түркиядан келіп жатқан кілемнен сапасы артық болмаса, кем емес. Ал бағасы әлдеқайда арзан. Біз әрдайым заман талабына сай жұмыс істейміз, қазіргі трендтерге қарап, сәнмен санасып, кілемнің дизайнын, түр-түсін өзгертіп отырамыз. Осы мақсатта фабрикамызда 22 дизайнер тұрақты жұмыс істейді, көбісі жастар. Алты дизайнер күн сайын жаңа кілем түрін ойлап табумен айналысады. Осылайша үнемі ізденіс үстіндеміз. Трендтерден қалып қоймауға, заман талабына сай өнім шығаруға тырысамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.