«Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптастыру мен дамыту стратегиясының» басым бағыттарының бірі – қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру болды. Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетті. Елбасымыз Н.Назарбаев 1992 жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың 1992–1994 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады. Шілде айында «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заңға қол қойылды. Ал жыл соңында Қазақстан кәсіпкерлерінің бірінші форумында мен бизнесмендермен кездесіп, олармен жаңадан пайда болған ұлттық бизнес-қоғамдастық алдында тұрған көкейкесті проблемаларды көзбе-көз, ашық талқыладық. 1991–1992 жылдары елде әртүрлі қызметтермен айналысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма пайда болды. Жаңа кәсіпкердің образы – бақуатты, үлкен үйде тұратын, шетелдік көлік мінетін жеке фирманың қожайыны және шетелде демалатын адам түрінде еді. Ол сол замандағы ерекшеліктің бірі болды. Белсенді жарнама компаниялары сәнге еніп, соның арқасында «Акцепт», «Астана-Моторс», «Райымбек» және тағы басқа делдалдық-сауда фирмалары кеңінен танылды. 1990-шы жылдарда «ала дорба» бизнесі кең етек алды. Ондаған мың адамдар басын қатерге тігіп, алыс және жақын шетелдерден – Қытайдан, Ресейден, Түркиядан, Қырғызстаннан, Пәкістаннан тауар сатып әкеле бастады. Адам көп жүретін сауда қатарлары және азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауар сататын қисапсыз сауда дүңгіршектері қала пейзажының үйреншікті элементіне айналды. Тұрғындардың тұтыну қабілеті жаппай төмендеген кезеңде мұндай сауда-саттық тауарға деген сұранымды біршама қанағаттандыра алатын, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуды ынталандыратын.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.