Шекараның беріктігі мен мемлекеттің әскери қауіпсіздігі тікелей тәуелді бас институттардың бірі – Ұлттық Қарулы күштер. Тәуелсіздік алған кезде Қазақстанда әскери құрылысқа байланысты тәжірибе болмады. КСРО ыдырағаннан кейін ТМД-ға мүше мемлекеттер Достастық елдерінің біріккен Қарулы күштері туралы келісімге қол қойды. Дегенмен іс жүзінде барлық жас тәуелсіз мемлекеттер өз әскерін құруға бағыт ұстанды. 1992 жылы қаңтардың басында, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекеттік әскери доктрина жасау қолға алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы бұрынғы КСРО әскери бөлімдерін, қару-жарақ пен әскери дүние-мүлікті түгендеуге шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мәртебесі жоғарғы деңгейлі шетелдік меймандардың қатысуымен хаттамалық шаралар жүргізуді талап ететін. Мұндай шаралар іс жүзінде барлық елдерде құрмет қарауылы бөлімшелері арқылы жасалатын. Сондықтан 1992 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасының республикалық ұланы ұйымдастырылды. Оған үкіметтік күзет батальоны, құрмет қарауылы ротасы мен үлгілі оркестр ротасы енді. Қазақстан әскерінің ресми тарихы мен «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған 1992 жылдың 7 мамырынан басталады. Қарулы күштер 40-шы жеке Қызыл тулы жалпы әскери армияның базасында, сондай-ақ Қазақстан аумағында дислокацияланған әскери әуе күштері мен әуе қорғаныс әскері базасында құрылды. 1992 жылдың 18 тамызында бұрынғы КСРО-ның Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскері жасақталды. Ел әскері қалыптасқан кезеңнің қиындықтарына қарамастан, бізге қысқа мерзімде әскерді тікелей басқару жүйесін құрып, оны қаржыландыруды, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді бір ізге түсірудің сәті түсті.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.