Автобустар кешікпей қатынайды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр тоқсан сайын халықпен тұрақты түрде кездесіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап келеді. Есеп беру кездесулерінде қозғалған барлық мәселе бақылауға алынып, мүмкіндігінше жедел түрде шешіліп жатыр.

689

 

Мәселен, Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесуде Бозарық тұрғын алабы мен саяжайына қатынайтын қоғамдық көліктердің мәселесі қозғалған болатын.
Мұрат Әйтенов аудан әкімдігі мен тиісті басқармаға қоғамдық көліктің бағытын әзірлеу барысында тұрғындардың талабын ескеру туралы нақты тапсырма берді.
Бүгінде қала әкімінің бұл тапсырмасы толығымен орындалған. Тиісті мекемелер зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 171 және 171А бағыттарында автобустардың жеткіліксіз екенін анықтады. Нәтижесінде аталған бағыттардың әрқайсысына бір-бір автобустан қосылды. Қазір бұл бағыттағы қоғамдық көліктің қатынау жиілігі 18-20 минутты құрайды.

Алтынтөбеліктердің өтініші…

Шаһар басшысымен кездесудің бірінде Абай ауданы Алтынтөбе тұрғын алабының тұрғындары өздері үшін маңызды бірқатар мәселені қозғады.
Біріншіден, алтынтөбеліктер ескірген электр желілерін ауыстыру мәселесін көтерді. Қала әкімі тиісті басқармаларға осы жұмысты «ОңтүстікЖарықТранзит» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізу жөнінде тапсырма берді. Осыған орай тұрғын алабтағы жалпы ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын 11 көшенің электр бағаналары мен электр желілерін және 3 трансформаторды жаңарту бойынша жұмыстар қолға алынды. Бүгінде бұл жұмыстың 90 пайызы атқарылған. Жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.

701

Мұнан бөлек Алтынтөбе ауыл округіне өткен жылдың соңында табиғи газ құбырлары тартылып, көгілдір отын жеткізілген. Алайда, наурыз айындағы кездесу барысында тұрғындар қала әкіміне газ құбыры жеткізілгенімен, оған тұрғын үйлерді қосу жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтып шағымдан-ды. Осыған орай қала әкімі бұл жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берді. Наурыз айына дейін 55 тұрғын үй газға қосылған болса, одан беріде тағы да 134 тұрғын үйге газ кіргізілген. Қалған 24 үйдің иесі газға қосылу үшін техникалық шарт алуда.
Сонымен қатар тұрғындар Алтынтөбені газдандыру барысында бірқатар тұрғын үйдің жобаға енбей қалғанын айтты.
Мұрат Дүйсенбекұлы аталған үйлерді табиғи газ желісіне қосу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жөнінде тапсырма берген. Бүгінгі таңда ЖСҚ әзірлейтін жобалаушы компанияны анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттар жасалып, 2023 жылы жобаға енбей қалған тұрғын үйлерді газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталады.

33 көшеде кәріз құрылысы жүріп жатыр

Шымкент қаласы Самал-3 шағынауданының тұрғындары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуде кәріз жүйелерінің құрылысы жөнінде талап-тілегін жеткізген болатын.
Аталған шағынаудандағы 63 көшеде 6 800 үй бар. Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 33 көшеде кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 4300 үйге орталықтандырылған кәріз жүйесі қосылады. №6 емхана маңындағы қалған 30 көшедегі 2500 үйге биыл ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілді.
Жалпы, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Бүгінде қамту көрсеткіші 54 пайызды құраса, жыл соңына дейін 60 пайызға жеткізу көзделген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.