Тұрғын үй саясатын жүргізудегі қызметтің талапқа сай болмауы, тозығы жеткен пәтерлердің күрделі жөндеуден өтпеуі жаңа реформаны қажет етті. Мемлекет басшысы көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестікті құруды тапсырған болатын. Бұл бойынша Шымкент қаласында нәтижелі жұмыс бар ма?

Қалалық орта сапасын бақылау басқармасы бүгінде көпқабатты тұрғын үй иелерімен бірлесе жұмыс атқаруда. Еліміздегі тұрғын үйлерді басқару жүйесі өзгергелі, мегаполистегі 2236 көпқабатты үйлер де ретімен жаңа реформаға көшіп жатыр. 124 тұрғын жай мүлік иелерінің бірлестігіне өтсе, 1699-ы жәй серіктестікке өткен. Яғни, «бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» қағидасымен жұмсалатын шығысқа бақылау жүргізіп, мемлекет тарапынан пайызсыз қайтарымды несие алып, түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Бұл жөнінде қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Әбдімомын Сырымбетов баяндады.

Көпқабатты үйдегі тағы бір маңызды мәселе — табиғи газбен улану. Қоғамда жиі орын алып жатқан бұл жағдаймен күрес жүргізуді аталған басқарма назарға алған. Әсіресе, жылыту маусымы басталғалы үйме-үй аралап, техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндіруден бастап, егер тосын жағдай орын алғанда қайда хабарласу керектігі жазылған үнпарақтар таратуда.

 Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігін немесе жәй серіктестікті құру мәселесі бойынша аудан әкімдіктері тарапынан қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінда шаһардағы бірнеше шағын аудандар бірлестіктер мен жеке серіктестік құрған. Мәселен, Пазиков көшесінің тұрғындары жәй серіктестік құру арқылы үй ауласын абаттандырып, көлік өтетін шлагбаум қойған. Алдағы жылы балалар ойын алаңшасын құру жоспары да бар екен.

Тұрғын үй саласындағы енгізілген жаңа жүйе — ортақ мүлікті пайдаланып, қорғауға өзге тараптың емес, сонда тұратын, сол мүлікті қолданатын меншік иелерінің жауап беретіндігімен ерекшеленеді. Жаңа қабылданған заңнама талабы бойынша әр үйде  үй кеңестері болуы шарт. Аталмыш кеңестің міндеті – мүлік иелерінің бірлестігі немесе жәй серіктестіктің қызметіне бақылау жүргізу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.