Еліміз әлемнің өзге мемлекеттері сынды сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде.Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерді айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту мәселелері күн тәртібінде тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Іс-шараларды тиімді жүргізу мақсатында мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық көріністерін шектеуге бағытталған арнайы жоспар әзірленеді және жүзеге асырылады. Ал, оны жүзеге асыру қылмыстық шабуылдан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

​Сыбайлас жемқорлық — жыл өткен сайын тамырын тереңге жайып, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерден дамып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған, ең алдымен, қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып, ат салысып, қарсы күресуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымз анық.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі — ол азаматтардың арыз-шағым, өтініштері. Мемлекетіміздің кез-келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Ендеше, жемқорлықты жоюды мақсат еткен жергілікті атқарушы органдар жолдауда берілген тапсырмалардың шындыққа айналып, заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделілік танытуды міндеті деп санайды. ​Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен баршамыз бір кісідей атсалысып, күресуіміз қажет.

С.ӘЛІМҚҰЛОВ,

Шымкент қаласы Әділет департаментінің тіркеу қызметі

саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.