Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты #35 Мәншүк Маметова атындағы орта мектепте керемет іс-шара өтті!

Сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, сайдың тасындай сарбаздардан кем түспей, қайтпас қайсар қайратымен қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының есімдері ел есінде. Солардың бірегейі, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші – Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова.

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Екі ұлдан кейін дүниеге келген қызының қарақаттай көздеріне қарап анасы «Моншағым» деп еркелетеді. Атын айтуға тілі келмеген кішкентай Мәнсия өзін «Мәншүк» деп атап кетеді.

1943 жылдың қазан айында Мәншүк әскери қызметте болған батальонға Изоча станциясын еш шығынсыз жаудан азат ету туралы бұйрық беріледі. Псков облысындағы Невель қаласын жаудан босату үшін Изоча стансасындағы 173,7 биіктікте сұрапыл ұрыста қазақтың жаужүрек пулеметші қызы өзінің «Максимімен» бірге құйындата оқ боратып, 70 неміс фашисін жер жастандырады. Қасық қаны қалғанша жаумен қасқая күрескен қазақтың батыл да батыр қызы Мәншүк 1943 жылғы 15 қазанда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.

Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған. Невель, Алматы, Орал, т. б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар.Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады.

Шығыстың шынары Мәншүкке арнау

 

Жарқыраған жайдары күні азаттың,

Дүниеге келді Мәнсия қызы қазақтың.

Анасының еркесі еді, «Моншағы»,

Мәншүгі атанды қасірет дейтін азаптың.

 

Аша сала дүние есігін жасқанбады,

Соғыс дейтін сұм болды баспалдағы.

Нәп-нәзік қыз болса да ерлік болды,

Жаулармен оқ боратып жастанғаны.

 

Батыр қызы халқымның бар бағысың,

Қайсар қызы қазақтың арманысың.

Фашисттер жан аямай соғысқанда,

Оянды ғой жүрегің, ар-намысың!

 

Сенің өшпес ерлігің айбат берді,

Даңқың да ұрпағыңа жайлап келді.

Сай тасындай сарбаздан кем емессің,

Көрмедім дәл өзіңдей қайраткерді.

 

Жас шағын айырбастап, басын тікті.

Үлгі етеміз осындай асылдықты.

Апта емес, ай емес, жыл да емес,

Ұмытпаймыз, ұлықтаймыз ғасыр тіпті!

 

Тарихта асыл атың қазыналы,

Сен туралы асыл мұра қазылады.

Ерлігің таусылмайтын дастан болар,

Тағылымды естеліктер жазылады.

 

«…Ерліктің қос қанаты деп білем мен,

Аяулы Әлия мен Мәншүгімді» деген әнді қосыла шырқаған әрбір қазақ қызы қос батыр апаларының ерлігіне сүйсіне өскен.

Бұл өлеңдер жинағында Ерліктің қос қанатына баланған тұлғаның бірі – Мәметова Мәншүк

Жиенғалиқызының туылғанына 100 жыл толу мерейтойына №35 М. Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары мен ұстаздарының авторлық шығармалары жазылған кітаптың тұсауы кесілді. Жиынға білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева ханым, әдістемелік орталықтың басшысы Меруерт Медетбекова, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар, БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты жиынның ұрпаққа берер тәлім тәрбиесінің мол екенін айтып өтейік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.