Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит объектілерінің 2022 жылға арналған тізбесіне сәйкес, «2021 жылғы жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс-шарасын жүргізді.

11

 

Аудиторлық іс-шарамен қалалық қаржы басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, құрылыс басқармасы мемлекеттік мекемелері қамтылды.
Қала бюджетінің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептіліктің активтері 2021 жылы, өткен жылмен салыстырғанда 4 718 706,8 мың теңгеге азайған және жыл қорытындысы бойынша 77 175 472,9 мың теңгені құраған. Оның ішінде қысқа мерзімді активтер – 37 110 551,7 мың теңге және ұзақ мерзімді активтер – 40 064 921,2 мың теңге.
2021 жылы жалпы активтердегі, таза активтердің (капиталдың) үлесі 28,2% — дан 13,15% — ға дейін азайған және олардың мөлшері 2021 жылдың қорытындысы бойынша 10 146 476,0 мың теңгені құраған, немесе өткен жылмен салыстырғанда 12 907 092,8 мың теңгеге кеміген.
Қала бюджетінің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілікте міндеттемелердің жалпы көлемі 2021 жылы 8 188 386,0 мың теңгеге өскен және жыл қорытындысымен 67 028 996,9 мың теңгені құраған, оның ішінде қысқа мерзімді міндеттемелер – 27 586 503,1 мың теңге және ұзақ мерзімді міндеттемелер – 39 442 493,8 мың теңге, яғни 2021 жылы бюджетті атқару кезінде бюджет тапшылықтарының ұлғаюына байланысты, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелердің өсуі орын алған.
Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша бухгалтерлік есепті жүргізу мен шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау барысында аудит объектілері тарапынан нормативтік құжаттардың талаптарын сақтамау салдарынан жалпы сомасы 460 030 902,6 мың теңге ауытқуға, бұрмалаулар мен сәйкессіздіктерге, яғни бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталды.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 238-бабында көзделген «бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау» бұзушылық белгілері байқалатын 7 материал әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайтын уәкілетті органға жолданды және қаралып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аудиторлық іс-шарасы қорытындысы бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау мақсатында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның жауапты қызметкерлерінің қатысуымен семинар кеңес өткізілді.
Семинарға қатысушылар бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасау барысында жиі қайталанатын бұзушылықтарға тоқталып, алдағы уақытта оларды болдырмау мақсатында қаржы қызметкерлері тарапынан атқарылатын іс-шаралар туралы өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын талқыға салды.

М.БАЛҚЫБЕКОВ,
Тексеру комиссиясының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.