Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша дүниежүзінде өмір сүретін жастардың саны XX ғасырдың ортасында 720 миллионнан XXI ғасырдың бірінші онжылдығында 1,8 миллиард адамға өсті.

 

Жастардың 90 пайызға жуығы демографиялық серпінді дамып жатқан елдерде тұрады. Ондағы жастардың саны еңбек етуге қабілетті тұрғындардың 30 пайызынан астамын құрайды. Ал дамыған елдерде халықтың қартаю үрдісі байқалады.
2020 жылы жастардың 62%-ы – Азияда, 18%-ы – Африкада, 9% – Латын Америкасында, 7%-ы
Еуропада өмір сүріп жатса, ғасырдың аяғында бұл арақатынас түбегейлі өзгерді. Яғни 41%-дан Азия мен Африканың, 6%-дан Еуропа мен Латын Америкасының еншісіне тиді.
Болжамды есептеулер бойынша алдағы онжылдықта бұл көрсеткіш 1,9 миллиард адам деңгейінде тұрақтайды. Ал 2060 жылға қарай олардың ең жоғары саны 1,1 млрд адамға жетеді, содан кейін бұл көрсеткіш ақырындап қысқаратын болады (БҰҰ ақпарат көзі, http://esa.un.org/unpd/wpp/index.htm).
Бүгінгі таңда жастар арасында жұмыссыздық проблемасының өсуі алаңдаушылық туғызуда. Атап өтілгендей, Біріккен
Ұлтар Ұйымы экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің баяндамаларының бірінде («Жастарды жұмыспен қамту проблемасы: құбылмалы қоғамда лайықты еңбекке қол жеткізудің перспективалары») бұл проблема әлемдегі қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарынан ушыға түскен.
Жұмыссыздық, әсіресе еуропалық жастардың бас ауруына айналды. Қазіргі таңда оның деңгейі 17 жастан 25-ке дейінгі жастар қатарында орташа 22,5 пайызды құрайды – санмен алғанда бұл шамамен 8 млн адам. Осы тұрғыдан алғанда ахуал былайша қалыптасқан: жастар арасында жұмыссыздықтың ең үлкен көрсеткіші – Грекияда (54%), Испанияда (53 %), сондай-ақ, Португалия, Италия мен Ирландияда — бұл елдерде жастардың 30 пайызға жуығы өздеріне жұмыс таба алмай жүр. Франция (32,4%) мен Ұлыбританияда (21,7%), сондай-ақ, Еуропаның басқа бірқатар елдерінде жағдай біршама дұрыс.
Осы елдермен салыстырғанда біздің елімізде жастарды жұмыспен қамту мәселесі біршама жолға қойылған. ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2021 жылы 15 жастағы және одан үлкен экономикалық белсенді тұрғындардың саны 9,1 млн адамға жетті. Жұмыспен қамтылғандардың құрамының (31,5%) үштен бірін 25-34 жастағы адамдар, 13,1% пайызын 15 пен 24 жас аралығындағы жастар құрайды.
Қалалық жастарды жұмыспен қамту құрамының – 80,3%-ы, ауылдық жастар арасында 46,6%-ы жалдамалы еңбектің еншісінде.
Республика бойынша 5,2% жалпы жұмыссыздық деңгейімен салыстырғанда 15-28 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі 5,9% құрайды.
Қазақстанда жастар жұмыссыздығы проблемасы жастардың кәсіби білімінің болмауына, біліктіліктің, дағдыларының жетіспеуіне байланысты, еңбек нарығындағы жастардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендігіне, еңбек ету қабілетінің шектелуі (жекелеген нысаналы топтар) және еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың ахуалы туралы ақпараттың жеткіліксіздігіне негізделеді.
Жастарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту үшін мемлекет мынадай шаралар қабылдауда:
— ауыл жастарының, мүмкіндіктері шектеулі балалардың, оралмандардың сапалы білім алуына, тиісті кәсіби даярлыққа қол жеткізуіне және оған ие болуға мүмкіндіктерді кеңейту;
— жұмыспен қамту және еңбек нарығының жай-күйі мәселелеріндегі хабардарлықты арттыру;
— алғашқы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
— жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту;
— материалдық қолдау көрсету.
Жастарға қатысты мәселелер әрдайым бірінші кезекте болуы және бәрімізді де толғандыруы тиіс. Себебі ел ертеңі жастарымыздың тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір мамандықтың иесі болуы өте маңызды. Өйткені нарық экономикасы басталған тұста оқи алмай қалған немесе оқуға жеткілікті мән бермеген кейбір жастар қазір бірі базарда, бірі көлік сатып алып, таксист болумен күн көріп жүр. Жастар масылдыққа бой алдыратын болса, мемлекеттің дамуына да кері әсері болады.
Біздің пікірімізше, қазіргі қоғамдағы белең алып жатқан жұмыссыздық мамандықтың дұрыс таңдалмауынан туындаған күрмеулі мәселелердің бірі деп есептейміз.
Болашақ мамандық таңдау кезінде мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жас азаматтың аңсаған арманы мен шынайы қажеттіліктерін басшылыққа ала отырып, тұлғаның ерекшеліктері мен қандай нәрсеге икем екенін ескеріп қадам жасаған дұрыс.

Қ.ИСКАКОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ менеджмент магистрі, аға оқытушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.