(Саяси қуғын-сүргін құрбаны Кулетов Қазмұхамед Кәрібайұлы жайлы)
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы аясындағы зерттелген тарихи мәліметтерден халық 1937 жылғы трагедияға ұшыраған адамдардың өмірі, олардың көрген зорлық-зомбылығы мен қиындығы туралы көбірек білуде.
Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Қазмұхамед Кәрібайұлы Күлетов 1937 жылы Шымкентте алғашқылардың бірі болып қамауға алынды. Маусымның жылы күнінде таң атар-атпас Свердлов көшесіне НКВД қызметкерлері мінген көлік келіп тоқтады. Кулетовтар отбасы, әрине, бұл «ерте қонақтардың» келетінін хабарсыз, тәтті ұйқыда жатқан болатын. Үйде аласапыран басталды. Келгендер бәрін төңкеріп, тінтуге кірісті. Алайда мардымды ештеңе таппай, құжаттар мен фотосуреттерді алып, отағасын өздерімен бірге ала кетті.
Тек 20 жылдан кейін ғана бұл адамның іс-әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы болмағаны белгілі болды. Бірақ оны «зиянды-диверсиялық жұмыс жүргізгені» және «халықтың қас жауы» деп қамауға алынған. Ол кездері адамды қамауға алу үшін тіпті прокурордың санкциясы қажет те емес-тін. Өйткені «халық жауларын» іздеу жоспарын асыра орындау өзекті мәселелердің біріне айналды.
Тергеу барысында Кулетовтан 1926 жылы қайда жұмыс жасағандығы жөнінде анықтама талап етілді. Қамауға алынғаннан кейін әкесінің туысы, педагогикалық училищенің студенті Бибажар келіп, оны тұтқындағаны үшін кінәлі екенін жылап мойындады. Өйткені ол ағасының таныстарының өтініші бойынша мұндай анықтаманы оларға үй құжаттарынан алып бергендігін айтты…
Сонымен, 1926 жылы Қазмұхамед Кулетов қайда болды, қандай жұмыс атқарды? Бұл сұрақ пәтерді тінту және әкесін қамауға алу кезіне куә болған Кулетовтың қызы – Райхан Қазмұхамедқызының жүрегіне қатты әсер етті және ол осы сұрақтың жауабын іздеумен болды. Бұл сұрақтың жауабын, 1978 жылы ол Мәскеу қаласындағы Марксизм-Ленинизм институтының орталық архивінен алынған әкесінің толық өмірбаянынан ғана таба алды. Онда: «1926-1929 жылдары Қазмұхамед Кәрібайұлы Орал қаласының прокуроры, 1929-193 жылдары Петропавл қаласының прокуроры болып жұмыс істеді» деп көрсетілген еді. Бұл сұрақтың жауабы оны қойған адамдарда да болды. Өйткені, азаматтың жеке ісінде бүкіл еңбек өмірі толық көрсетілген еді. Бірақ қамауға алу үшін себеп қажет болды және оны осындай арам жолмен іске асырды.
НКВД қызметкерлері жоғарыдан келіп жеткен нұсқауларды басшылыққа алды және онда көрсетілген талаптарды орындауы қажет болды. Міне, солардың бірі: «НКВД РО барлық басшыларына. Антикеңестік элемент бойынша операцияны үштікке ұзартуға байланысты 27.12.1937 жылға дейін ең белсенді контрреволюциялық элементті алып тастаңыздар. Оны тез арада рәсімдеп, мерзімнің аяқталуын күтпей, істерді дереу облыстық басқармаға жіберіңіздер. Жауап алу кезінде, әсіресе айыпталушылардың әлеуметтік шығу тегіне және кінәні мойындауына назар аударыңыздар. Егер пайымдауларыңыз бойынша түзетулер енгізу қажет болса, бұл түзетуді өзіңіз жасаңыздар және маған хабарлаңыздар. НКВД облыстық басқармасының бастығы.»(«Оңтүстік Қазақстан» газеті, 1990 жылғы 23 наурыздағы №56)
Әрине, бұл нұсқаулықты НКВД қызметкерлері басшылыққа алды. Бірақ олар Қ.Кулетовпен жұмыс істей алмады, оны Алматыға алып кетті.
«1937 жылдың қазан айында – деп еске алады өз естелігінде Райхан Қазмұхамедқызы, — анам Алматыға барып, әкемді көріп, жылы киімдерін беріп қайтпақшы болды. Алайда «айыпталушыдан жауап алу жүріп жатыр» деген сылтаумен кездесуге рұқсат берілмеді. Бірақ Алматыдағы НКВД-да әкемнің немере ағасы жұмыс істейтін. Оған әкем Қазмұхамед Кулетовтың ісін жүргізу ұсынылғанмен, ол одан бас тартыпты. Ол анама ұрып-соғу және шексіз сұрақтардан әкемнің әлсіреп, қатты науқастанып қалғанын айтыпты. Сонымен қатар, кезекті бір жауап алу кезінде баспалдақпен төмен қарай екі аяғынан сүйрелегенін, салдарынан оның қан-жоса болып, ес-түссіз жатқанын да жеткізіпті …».
Қ.Кулетовті әртүрлі әдістермен, соның ішінде конвеер әдісімен де азаптағаны, яғни айыпталушыға тамақ, су да бермей, кінәсін толық мойындамайынша жауап алғаны белгілі. Алайда Қазмұхамед Кәрібайұлы кінәсін мойындамады, жауап алушылардан сенімді дәлелдер ұсынуды және объективті тергеуді талап етті. Біріншіден, ол неге кенеттен «халықтың жауы» болғанын түсіне алмады, екіншіден, Мәскеуде Жоғары заң курстарын бітірген заңгер болғандықтан, адамды кінәлау үшін нақты дәлелдер қажет екенін білді. Үшіншіден, ол барлық уақытта жауапты партиялық және кеңестік лауазымдарда жұмыс істеді, оның қызметі халық алдында адал өтті. 1919 жылдың тамызынан бастап Қызыл Армия қатарында қызмет етсе де, ол қатардағы жауынгерлерден құралған штаб кеңесінің құрамына кірді, уездік партиялық конференция мен Кеңестің уездік съезінің делегаты болып сайланды, РКП (б) Қазалы угаркомының төрағасы болып жұмыс істеді. Ташкенттегі Сыр-Дарья облыстық қалалық комитеті, Түркістан Қазалы қалалық комитетінің үгіт-насихат меңгерушісі, Орынбордағы РКП (б) Сыр-Дарья губкомының меңгерушісі, РКП (б) Қырғыз обкомының бөлімі мен Шымкенттегі РКП (б) Сыр-Дарья губкомының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1925 жылы РКП (б) XIV съезінің делегаты болып сайланды. Одан әрі прокурор, Қазақ АССР әділет халық комиссары, Жоғарғы Соттың Қазақ бөлімшесінің төрағасы болып қызмет атқарған оны 1934 жылғы 3 мамырда Шымкент қаласына жібереді. Онда ОҚО тұтынушылар одағының төрағасы, облыстық партия комитетінің сауда бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қамауға алынардан бұрын 9 ай Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Осындай беделді лауазымдарды атқарған Қазмұхамед Кәрібайұлы тергеу барысында көрген қиындықтарына қарамастан, кінәсін мойындамады. Қ.Кулетовті неше түрлі азапқа салып, зорлық-зомбылық үстінде «қылмысын мойындаймын» дегізіп, жендеттер күні бұрын әзірлеген құжатқа қол қойғызады. Осының негізінде «Кулетов Қазмұхамед Кәрібайұлы троцкистік топтың мүшесі, Кеңес өкіметін құлатқысы келген, Компартия басшыларының көзін жоюды мақсат еткен. Сол үшін ату керек» деген үкім шығарылған.
Қазмұхамед Кәрібайұлы КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының 1938 жылғы көшпелі сессиясының үкімімен сол жылдың 26 ақпанында Алматы түрмесінде №11020 қылмыстық іс бойынша жазаланған 37 адамның бірі болып, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бейімбет Майлин, тағы басқа осындай жазықсыз абзал азаматтармен бiрге өлім оғын қарсы алған.
Бірақ отбасына оны 1945 жылы 26 ақпанда қайтыс болды деп жауап берілді. Тек қызы Райханның табандылығының арқасында Қазақ КСР КГБ-дан Кулетовтың өлімінің нақты күні туралы хабарлама алынды.
Әйелі қамауға алынды, балалары уақтыша қабылдау орындарына жіберілді, заттары тәркіленіп, пәтері мөрленді. Жиырма жыл бойы оның жақындарын «халық жауының отбасы» ретінде таныды. Олардың аман қалуына М.Калининнің жіберген екі жауап жеделхаты себеп болды. Кулетовтың әйелі Асьма Каримовнаны түрмеден шығарып, балаларымен қауышуына себепкер болады.
Кулетов Қазмұхамед Кәрібайұлы өмірінің 41 жылында өз халқының әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірін жақсарту үшін көп жұмыс жасады. Облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған бір жылдан астам мерзім ішінде ол барлық балалар үйлерін біріктіріп, ата-анасынан айырылған балалар қалашығын құруды, балалар үйлерінің босатылған ғимараттарында балалар ауруханаларын ашуды жоспарлады. Пионерлер паркінің құрылысын жеке бақылауға алды, Казкино бөлімшесіне жазғы эстрада алаңында балалар кинотеатрын, мәдениет және демалыс саябағында жазғы кинотеатр салуды міндеттеді. Жазғы кинотеатр қала тұрғындарына ұзақ уақыт қызмет етті. 1937 жылы маусымда Кулетовтың қамауға алынуына байланысты «Юность» кинотеатрының құрылысы тоқтатылды. Ол тек 1957 жылы ғана салынып бітті.
Түйіндей келе айтпағымыз, Қазалыдан қанат қағып ұшып, күллі қазақтың Қазмұхамедіне айналған, «Ақ жол» секілді Алаш баспасөзінің тірегі болған, төңкеріс турасында қатты пікір айтпағанымен, қазақ мәселесіне келгенде қалам сілтеуді парыз деп білген парасатты жанның бұл басылымдағы мәнді мақалалары, мұрағат қорларындағы маңызды құжаттары алдағы уақытта бұдан да тереңірек талданып жатса, тарихымыздың тасада қалған тұлғалары таныла түскен болар еді. Туған тарихымыздың «ақтаңдақтарын» танып білу, Қулетов сынды тау тұлғалардың қасіретті тағдырын, өнегелі өмір жолын, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау – баршаға ортақ міндет.
Айнұр НҰРЖАНОВА,
Түркістан облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы