Шымкент: қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүріп жатыр

0

Қарашадан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға жаппай иммундау  басталды. Осы уақытқа дейін барлығы – 24 836 контингент жалпы жоспардың 21,0 пайызы, Қазақстан Республикасы бойынша – 9,0 пайызына екпе егілген. Бұл туралы толығырақ Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова баспасөз брифингінде мәлімдеді.

–Шымкент қаласында 2018 жылы – 8 жағдай, 2019 жылы – 3091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай тіркелді.  2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласында қызылша ауруы тіркелмеген. Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 194 науқас,  29 ересек, 165 бала стационарлық емделуде, жағдайы тұрақты. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктенудің 6641 жағдайы тіркеліп, 3021 науқаста диагноз расталды. Науқастардың ішінде балалар 84 пайызды құрайды, олардың 88 пайыздан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған, – деді А. Мелесқызы.

Сонымен қатар мамандар, әлемде болып өткен ковидтік пандемиядан кейін адамдарда  иммунитет күрт төмендеп, бірнеше инфекцияның бірден өршитін тридемия, дидемия сынды  жұқпалы аурулар саны артқандығын айтады. Қазіргі таңда Шымкент қаласының тұрғындарының  арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Медициналық көмек көрсету сапасы және қызылшамен сырқаттанушылықты төмендету бойынша жұмыстар күшейтіліп, күнделікті аулаларды аралау, қызылшаға күдікті пациенттерді  анықтау, үйде қызылшамен ауыратын науқастарға активтер жүргізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қызылшаға қарсы жаппай иммундау  жергілікті емханаларда тегін жүргізіледі. Мұны  өткізу үшін 187 егу пункті ұйымдастырылып, 49 көшпелі егу бригадасы жасақталыпты.

Айта кетейік, мамандар бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда екендігін, саулығыңызды сақтау және өзгелерге зарарыңызды тигізбеу үшін екпені дер кезінде салдыруға шақырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *