Мемлекет Басшысының Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол Түркістан облысында айтарлықтай із қалдырды. Халық жұмысын жақсы бағалады. Әрине, сын айтқандар да бар. Бірен саран. Шын сын-адамды ширатады, алдағы жұмысында босаңсуына жол бермейді.

Қуанатынымыз, өсіп кетті. Өшіп кеткендерді де көріп жүрміз ғой. Уақытында дүрілдеп тұрған талай әкім орнынан босатылғанда қызмет ұсынылған жоқ. Яғни, үкіметтің өзіне деген сенім ресурсын тауысқаны да.

Ақордадан бірқатар кадрлық өзгерістер сыбысы шыққанда «түс көргіштер», бақсы, құшынаштар көбейіп кеткен еді.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдігіне топшылаумен түрлі шенеуніктер қойып көрді. «Сыбырлағанды құдай да естиді» дейді. Елдің дені естіп отырған жағдай ғой. Ең бастысы, ел, ер аман болсын, Айтарымыз, облыс пен қала әкімінде жұмысынан бөлек азаматтық келбеттерінде ұқсастық көп. Жақсы команда жасақтай алды. Екеуі де тәкаппарлығы жоқ кішіпейіл, мәдениетті. Жүздерінде шуақ бар. Адамдармен түсінісіп жұмыс істей алады. Бірінші кезекке халық мүддесін қояды. Тау көтерген Толағайдай тындырымды жұмыс істеп келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар. Ақордаға қызметі ауысқан Дархан Сатыбалдының Түркістан облысында әкім болғандағы өзіміз байқаған кепті айтайық.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала жұртшылығымен кездесуінің бірталайын тыңдадық. Сырт көзге жұмсақтау көрінетін еді. Алдамшы көрініс екен. Түйінді мәселелерді шегелеп айтып, шешу жолдарын ұсынып отырды.

Жиын ыңғайында Оңтүстіктің мемлекет қаржысына тәуелді екендігі, индустрияландыру және шағын және орта кәсіпті қарқынды дамыта алмай отырғандығы айтылады. Басқасын айтпағанда ауылшаруашылығының көп тауарлары әлі күнге дейін сырттан тасымалданатындығы белгілі.

Дархан Амангелдіұлының «Тәуелсіздік деген шекараны шегендеу ғана емес, ол — экономикалық тәуелсіздікке де қол жеткізу» дегені жүрекке жетті. Расында, солай ғой. Аталарымыз төрт түліктің қасиетіне жеткен, ауыл-ауылдардың бүйірі тоқ болған дейміз. Рас, ол кезде жағдай басқаша еді. Мал жазда жайлауға түсетін. Күз күзекте отырып, қыста қыстауға баратын. Тосыннан жұт болмаса қазақтың екі ұрты май еді. Бүгінгі малшы қазаққа енді ондай мүмкіндік жоқ. Халық көбейіп келеді. Жайылымдар азайған, айдын көлдер тартылған. Жер жарықтық шаршаған. Қазақ-жалқау емес, келісеміз. Бірақ, барын ұқсата алмай жатыр.

Кездесулерде өтініш көп айтылады. Жайылым керек. Әскери база жалға алған жерді қайтарып беріңіз, жеке шаруашылықтар жалға алған жерге мал кіргізуге ықпал етіңіз.

«Енді баяғыдай көл көсір бос жер, жайылым болады дегенді ұмытыңыздар. Халық көбейіп келеді. Жаңа технологияға өту керек. Жаңа кәсіптерге мамандану керек» деді Дархан Сатыбалды.

Бір дерек айтты. Түркістан облысына көп инвесторлар шақырған. Біреу-тоңазатқыш құрастыратын, жасайтын кәсіпорын. Басшысы айтыпты. «Маған цехты қосу үшін жергілікті жерден мамандар, жұмысшылар керек. Көзім жетпей аша алмаймын».

Сұмдығы сол, бірде бір білікті маман таба алмапты әлгі инвестор. Әкімдік далбасалап Кентау Трансформатор зауытта апарып жүріп, бетін бері қаратыпты.

Әңгіменің ретінде айта кетейік, Кентау Трансформатор зауытында КСРО кезінде орыс ағайындар көп жұмыс істеген. Елдеріне кетерінде көпшілігі «бұл қазақтар істейтін кәсіп емес. Сорлы зауыттың түбіне жетесіңдер» деп кеткен екен.

Тамашасы сол, КТЗ әлемдік нарыққа шығып кетті. Басшы, қосшы, жұмысшыларына дейін қазақтар. Яғни, ынтасы болса қазақтар іскер деп жүрген халықтардың өзін басып озады. Айтпағымыз, көбісі істің көзін таппай жатыр. Мәселен, Голландия. Аумағы Солтүстік Қазақстан облысындай ғана. Табиғаты да, жер жағдайы да ұқсас. Осы Голландияның ет, сүт өнімдері әлемдік брендке ие. Голлан сыры десең жұрт басқасына мұрнын шүйіріп қарамайды. Технологиясы әбден жетілген.

Оңтүстік Корея. Жайылым, пішен шабу деген жоққа тән. Мал бордақылайтын алып концерндері бар. Жем-шөпті Канада сияқты елдерден тасымалдайды. Қызығы сол, көп мемлекеттер жем-шөбі жоқ осы Кореядан мрамор етін экспорттайды. Шаруалары табысқа кенеліп отыр.

Дархан Сатыбалдының таусылып айтқанынан осыны түсіндік. Бүгінде малды өріске айдап тастап, екі аяқты айқастырып бейқам жатуға әсте болмайды.

Әкім айтты. Білімдеріңді жетілдіріңіздер. Жаңа технологияның жетістігін пайдаланыңыздар. Тегін оқытып береміз. Кәсіп ашамын дегенге барлық инфрақұрылымды мемлекет мойнына алып отыр. Әр салаға орасан субсидия бар. Мемлекет елу пайыз берсе, отызын облыс көтереді. Кәсіпкердің тәуекелі жиырма пайыз. «Қашанғы мемлекеттің аузына қарап отырамыз. Үкімет өлтірмейдінің заманы өтті. Игерілмей жатқан сала көп. Оқыңыздар-маманданыңыздар, ерінбеңіздер, ал біз көмектесеміз».

Спорттың арқасында талай шет елдерде болдық. Ауылшаруашылығын қоса барлай жүрдік. Жері таулы Италия қыраттарға жүзім плантациясын жайнатып тастаған. Қытайдың шағын тоспаларында балық пен үйрек бықып жүр. Шағын кәсіп дегеніңіз бұл елдерде қатты өркендеп кеткен. Еңбек пен білімнің арқасы.

Алаштың ардағы, қазақ мемлекетінің тұңғыш Президенті Әлихан Бөкейханов: «…Қазақтың байырғы жерін қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек… Ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек…» деп армандаған екен. Сол арманға атымыз болдырып, әлі жете алмай келеміз. Қазақ бай болам десе бар жағдай бар. Оған не керек екендігін жоғарыда дауысымыз жеткенше, өңешеміз жыртылғанша айттық.

Қазақ өзгеден озса білімімен, бірді екі ете алатын іскерлігімен озады.

Мемлекет Басшысының Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Нұралхан Оралбайұлы Көшеров тағайындалды. Көп жыл мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс істеген. Шымкент қаласы және Түркістан облысында әкім орынбасары болып қызмет атқарды. Яғни, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған жоқ. Команда мықты. Құрамында мәмлегер, жұмысы елге жаққан іскер Нұрбол Тұрашбеков сияқты азаматтар бар. Мемлекет Басшысы күткен үдеден шығу үшін Көшеровке теңіздей тер төгуі керек. Халық пайдасына. Ел экономикасын артыруға.

Сәттілік тілейміз.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *