Шымкент қаласының прокуратурасы тарапынан заңсыз жұмыс атқарған 9 қайырымдылық мекемелеріне (“Қамар-ай”, “Отырар”, “Ақсукент”, “Райхан ана”, “Дәстүр”, “Найф ата”, “Яссауи”, “Тәліп ата”, “Болашақ-Шымкент”) тексеріс жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.
Осы ретте, тексеру барысында қайырымдылық мекемелердің Шымкент қаласы және Түркістан облысынан баласына жатақхана іздеп келген ата-аналарды алдап, балаларға жат ағымды үгіттеу арқылы заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқандары белгілі болды. Бұған дәлел ретінде тексеру кезінде анықталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тыйым салынған діни әдебиеттер мен жазбалар.
“Сондай-ақ, қайырымдылық мекемелерінде санитарлық, өрт қауіпсіздігі және еңбек нормаларының бұзылғаны белгілі болған. Ұйымдардың қажетті санитарлық рұқсатнамалары болмаған, балалардың білім алу және медициналық көмек алу құқықтары қамтамасыз етілмеген” — деп хабарлайды ведомство өкілдері.
Нәтижесінде, Шымкент қаласы прокуратурасының талабымен Мамандандырылған экономикалық сот жоғарыда аталған қайырымдылық мекемелерінің қызметін тоқтату бойынша қаулы шығарды.