Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына Вьетнам Коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академиясының президенті, Орталық теориялық кеңес төрағасы Нгуен Суан Тханг бастаған вьетнамдық делегациясы келді. Бұл туралы институттың медиа жобалар бөлімі мәлімдеді. 

Қонақтарды қарсы алған ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов бүгінгі кездесу Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастардың келешегін талқылауға және екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан мен Вьетнам – көптеген ұқсастықтары бар елдер. Соңғы жылдары сауда-экономикалық қарым-қатынастарымыз тұрақты өсуде. Осылайша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымының көлемі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге артып, 610,9 миллион долларға жетті. АСЕАН елдері арасында Вьетнам халық саны және сатып алу қабілеті мүмкіндігіне қатысты ЖІӨ бойынша 3-ші орында (шамамен $1,5 млрд). Бұл қазақстандық экспортты кеңейту перспективасын айқындайды», – деді Е.Тұқымов.

ҚСЗИ директоры сондай-ақ 2022 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан мен Вьетнам арасында тікелей әуе қатынасы қалпына келтірілгенін, ал ағымдағы жылдың 25 мамырынан бастап екі елдің азаматтарына бір-бірінің аумағында 30 күнге дейін тұруға мүмкіндік беретін визасыз режим енгізілгенін еске салды.

Өз тарапынан доктор Нгуен Суан Тханг Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастықтың серпінді кеңеюіне назар аударды.

«Біздің елдеріміз арасында ежелден келе жатқан жақсы қарым-қатынастар бар, бұл ынтымақтастықты, оның ішінде сараптамалық-талдау саласын одан әрі дамыту үшін зор әлеуетке ие», — деді ол.

Шара аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин Ұлттық саяси академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Е.Тұқымов мұны екі ел арасындағы сараптамалық өзара әрекеттестікті кеңейтудегі маңызды қадам деп атап, осы саладағы нақты ұсыныстарын айтты.

 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *