Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Еуропалық одақтың қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі конференциясына қатысты.
Іс-шараға Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің, Еуропалық комиссияның, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және басқа да елдердің жоғары деңгейдегі, сондай-ақ БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының, БҰҰ-ның Қарусыздану проблемаларын зерттеу институтының, Венадағы қарусыздану және таратпау жөніндегі орталығының, МАГАТЭ, ЯСЖТШҰ, жетекші ғылыми, білім беру мекемелерінің және халықаралық талдау орталықтарының өкілдері қатысты.
2026 жылғы ЯҚТШ Шолу конференциясының Дайындық комитетінің екінші сессиясының төрағасы ретінде баяндама жасай отырып, А. Рахметуллин қолданыстағы сын-қатерлерге қарамастан, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт(ЯҚТШ) әлі де ядролық қарусыздану мен таратпаудың іргелі және әмбебап тетігі, сондай-ақ осы мәселелерді талқылау үшін негізгі форум болып қалатынын растады. Ол Шарттың тұтастығы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Келесі жылы қорытынды дайындық комитетінің жұмысында жауапты ұжымдық көзқарастың сақталуына үміт білдіре отырып, қазақ дипломаты бұл нақты және мазмұнды ұсынымдар қабылданатын 2026 жылғы ЯҚТШ-ны орындау бойынша шолу конференциясын сәтті өткізуге негіз болатынына сендірді.
Конференцияға қатысушылар ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы берік халықаралық шарттық-құқықтық базаны атап өтіп, мультилатерализм қағидаттарын сақтаудың және тұрақты диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.